Шымкентте «Nazira Gold» ісі бойынша үкім шықты

Жарияланды
Фото: kursiv.media архивінен

Шымкентте сот 4 мыңдай адамды алдап соқты деген «Nazira Gold» қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша үкімді оқыды. Іс бойынша басты айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол үкіммен келіспеді.

Сот үкімі

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында атышулы «Nazira Gold» ісі бойынша үкім оқылды. Үкімді тыңдауға келгендердің көптігінен ондаған адам залға сыймай, сыртта қалып қойды.

Іс бойынша 9 сотталушы, 148 жәбірленуші бар. Үш сотталушы қамауда, қалғаны үйқамақта болған. Жәбірленушілер бірнеше облыстан келген. Олар қаржы пирамидасынан қомақты пайда табамыз деп 30 млн теңгеге дейін ақша салып, дымсыз қалған. Арасында несиеге батқандар да бар.

Сонымен сот іс бойынша басты сотталушы Назира Нұржанды Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы, «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабы және “Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен кінәлі деп тапты. Оны 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Өзіне және туыстарының атына жазылған зәулім үйлер, пәтерлер мен қымбат көліктер және алтын бұйымдардың бәрін тәркілеуге жатқызды.

Ал оған көмектескені үшін «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабымен айыпталған сегіз адамның бірінің бас бостандығы 1 жылға шектелді. Ал қалғаны 5 жылға сотталды.

Бас бостандығынан айырылғандардың барлығы жазасын қылмыстық атқару жүйесіндегі қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде балалары кәмелет жасқа толғаннан кейін өтейтін болды. Судья мұны істің экономикалық екенімен түсіндірді. Сотталушылардың бірі сот үкімен келіспейтінін айтты, қалғаны пікір білдірмеді.

«Тіркемей жұмыс істегенімді мойындаймын. Бірақ пирамида құрған жоқпыз. Оны бостандыққа шыққан соң дәлелдейміз», – деді сотталушы Назира Нұржан.

Шығынды өтеу

Сот Назира Нұржанды жәбірленушілердің бір бөлігіне келтірген шығынды өтеуге міндеттеді. Сонымен бірге тағы бір бөлігінің шағынын ішінара қанағаттандырды. Үшінші топтың шағынын азаматтық тәртіппен өндіруге жіберді. Соттың бұл үкіміне жәбірленушілердің кейбірі келіспеді. Көбі үкімді толық түсінбей сот залынан дел-сал күйде шықты.

Соның бірі 25 млн теңге залал көрдім деген Қарлығаш Бекболатова да сот үкімімен келіспейді.

«Бұл – әділетсіз. Бұл кісі 2022 жылы бір ұрлық істейді. Мені алдап кетеді. 2023 жылы 11 адамды тағы алдайды. 2024 жылы тағы алдайды. 2025 жылы мынанша халықты алдайды. Енді мұны қалайша мұндай жаза тағайындайды? Бұл әділ емес», – деді ол.

Сотта іске қатысы бар бірнеше адамның әрекетінде қылмыстық құрам бар-жоғын қайта қарап, анықтауға жекеше қаулы шығарылды. Бұдан бөлек сотталушыларға алданған өзге жәбірленушілердің ісі тергеліп жатқаны айтылды. Жалпы «Nazira Gold»-қа құйылған ақша көлемі 16 миллиардқа жететіні, оның бар-жоғы 2 миллиардының ізі бар, қалғаны ізім-ғайып жоғалғаны да сөз болды.

Айта кетейік, сотталушыларды биыл наурыз айында қаржы мониторингі агенттігі ұстаған еді. Тінту кезінде жылжымайтын мүліктерден бөлек бума-бума ақша мен 12 келі алтын тәркіленген. Олар өзін зергерлік бұйым сатумен айналысатын компания ретінде таныстырып, салымшыларға салған ақшаларына 20 пайыздан 40 пайызға дейін үстеме беремін деп алдап соққан. Қаржы пирамидасына 4 мыңдай адам кіріп үлгерген.

Сондай-ақ оқыңыз