Түркістанда қоғамдық тамақтану орындарының 60 пайызы рұқсатсыз жұмыс істейді

Түркістан облысында қоғамдық орындарда тамақтан жаппай улану дерегі көбейген. Бұл тамақтану орындарының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды толық сақтамайтынын көрсетеді. Бұл туралы облыстық өңілік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақовтың айтуынша, департамент бақылауында 406 кәсіпкерлік нысан бар. Оның ішінде 60 пайызы ғана рұқсат алған. Қалғаны санитарлық-эпидемиологиялық сәйкестігі туралы қорытындысыз жұмыс істеуде. Соңғы уақытта тамақтану орындарында жаппай улану оқиғасы жиілеген. Бұл санитарлық талаптардың толық сақталмайтынын көрсетеді.
«Соңғы 3 жылда жаппай улану бойынша 6 дерек тіркеліп, 2 жүзден аса адам зардап шеккен. Бұл қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар толыққанды сақталмайтынын көрсетеді», – дейді Асқар Ысқақов.
Мысалы, биыл наурыз айында топтық тамақтан улану оқиғасы тіркелген. Кейін олар Түркістан қаласындағы «Ямми Маки» фаст-фуд орталығынан пицца, суши, тауық тағамдарын тапсырыспен үйге алдыртып тұтынғаны анықталды. Нәтижесінде 68 адам уланып, ауруханаға түскен. Артынан қоғамдық тамақтану орны жабылғаны хабарланған.
«Алайда, жеке кәсіпкер інісінің атынан қайта тамақтану орнын ашып, халыққа қызмет көрсетуін тоқтатпай тамақ дайындай берген. 21 қараша күні осы тамақтану орнында екінші рет тамақтан улану жағдайы тіркелді. Жалпы зардап шеккендер саны – 14 адам. Науқастардың барлығы пицца, суши тағамдарын тапсырыспен үйге алдыртып тұтынған», – деді департамент өкілі.
Жаппай улану дерегіне қатысты департамент жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтидесінде тиісті санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмай өрескел кемшіліктерге жол берілгені анықталған.
Қазіргі таңда аталған фаст-фут орталығы жабылған. Оқиғаға байланысты полиция Қылмыстық кодекстің «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалған.
Жалпы биыл департамент мыңға жуық тамақтану орнын тексерген.