Елдегі әскери оқу орындарына eGov арқылы түсуге болады

Қазақстандықтар әскери жоғары оқу орындарына әскери комиссариатқа бармай-ақ түсе алады. Бұл туралы қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Мұрат Олжабаев айтты.
Сөзінше, 2025 жылдан бастап жоғары әскери оқу орындарына eGov порталы арқылы онлайн түсуге болады. Жаңа жүйе өтініш беру процесін жеңілдетеді.
«Әскери жоғары оқу орнына түскісі келген азамат үйден шықпай-ақ eGov порталына кіріп, онлайн тіркеле алады. Денсаулығы, құқықбұзушылықтар туралы мәлімет, психикалық жай-күй және басқа да қажетті дерек автоматты түрде порталдан алынып, әскери оқу орындарына жіберіледі», – деді Олжабаев.
Айтуынша, жүйе арқылы талапкер таңдаған оқу орнына тікелей тіркеледі, яғни әскери комиссариатқа барудың қажеті болмайды.
Айта кетейік, мектептерде алғашқы әскери дайындық сабағы саны артады.