Қазақстанда 2030 жылы мүгедектігі бар азамат саны миллионға жетеді – еңбек министрі

Елде 2030 жылға қарай мүгедектігі бар адам саны миллионға жетуі мүмкін. Мұндай болжамды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова TengriNews.kz сайтына берген сұхбатында жасаған.
Министрдің айтуынша, 2030 жылдары елде 3 миллион зейнеткер болады.
«Медицина дамып, адамдар ұзақ өмір сүретін болды. Алайда оларға оңалту мен күтім қажет. Бұрын ауыр дертке шалдыққан адам өмірден өтіп кететін, қазір медицина өмірді ұзартады. Алайда мүгедектікке әкелетін аурулардың саны да артып келеді. Бір жылдары елде шамамен мүгедектігі бар 500 мың адам болды, қазір 700 мыңнан асты. Ал зейнеткерлер саны бұрын 1,2 миллиондай болса, қазір 2,4 миллионға жетті», – деген Жақыпова сұхбатта.
Министр біреудің зейнетке ерте шыққысы келетінін, енді бірі мүгедектігі бойынша жәрдемақыны көбейтуді талап ететінін айтады.
«Мұндай ұсыныстың артында бір мәселе тұр – бюджет мүмкіндігі мен экономиканың дамуы. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттесін орындай алуы үшін бюджетте әрдайым қаражат болуы керек. Келешекте қаржы төлей алмай қалмау үшін популистік шешімдерді қабылдауға болмайды, бұл ең қауіпті», – дейді министр.
Ал зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адам санының көбеюіне байланысты теп-теңдікті сақтау қажет деп санайды.
Салық төлеушілерге шамадан тыс салмақ түсірмей, олардың көлеңкелі экономикаға кетпеуін және бизнесті елден шығармауын қамтамасыз ету, сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығын және міндеттемелерінің орындалуын сақтау қажет, дейді ол.
Қанша адам 85 мың теңге жалақы алады?
Министрдің айтуынша, қыркүйектің басында ең төменгі жалақыны 1 миллион 109 мың адам алып жүрген. Ішінде 700 мыңнан астамы 85 мың теңге алады, кейбірі сағат үшін ақы алатындықтан, табысы бұдан да төмен.
«Талдау жүргізген кезде олардың арасында жоғары білікті мамандардың да бар екені білдік. Олардың мұндай төмен жалақы алуы мүмкін емес. Осылайша, біз еңбекақыны көлеңкелі жолмен төлеу белгілерін байқадық. Яғни, жұмыс беруші ресми түрде 85 мың теңге төлейді және осы сомадан зейнетақы, әлеуметтік және медициналық аударымдар жасайды, ал қалған ақшаны «конвертке салып» береді», – дейді министр.
Жақыпова расымен де 85 мың теңге жалақы алатындардың барын жоққа шығармады. Сөзінше, бұл тізімге ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері кіреді.
«Бұл салада табыс деңгейі төмен, сондықтан оны трансформациялау қажет. 2024 жылы ауыл шаруашылығында өсімдік пен мал шаруашылығы үшін бөлек еңбек нормаларын әзірледік. Бұл шара еңбек қатынастарын заңдастыруға және реттеуге мүмкіндік береді», – дейді министр.