
Лондонда өткен Future Resilience Forum 2025 халықаралық форум аясында біз Global Data Risk LLC компаниясының бас директоры және басқарушы серіктесі Эрик Лэйкинмен сұхбаттастық. GDR — цифрлық криминалистика, киберқауіпсіздік, корпоративтік тыңшылықты тергеу және зияткерлік меншікті қорғау салаларында маманданған консалтингтік компания. 25 жылдан астам уақыт бойы Эрик Лэйкин халықаралық тергеулер жүргізіп, АҚШ пен өзге елдердің соттарында киберқылмыс пен деректердің таралуы істері бойынша сарапшы куә ретінде қызмет атқарып келеді. Ол бұған дейін Duff & Phelps (қазіргі Kroll) компаниясында кибертергеу және цифрлық сараптама бағыттарын басқарған. Біз сарапшымен цифрлық дәуірдің жаһандық сын-қатерлері, жасанды интеллекттің рөлі және Қазақстанның технологиялық күн тәртібіндегі орны туралы әңгімелестік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» деп аталды. Онда елдің цифрлық трансформация, тұрақты даму және саяси жаңғыру саласындағы көзқарасы баяндалды. Қазақстан 2025 жылға арналған негізгі тақырыптарының бірі ретінде жасанды интеллект пен цифрлық дамуды айқындады. Сіздің ойыңызша, бұл бағыт жаһандық тұрақтылық пен технологиялық даму үрдістеріне қаншалықты сай келеді?
Меніңше, Президент Тоқаевтың жасанды интеллектке назар аударуы – өте дұрыс шешім. Жасанды интеллектті өз елінде дамыта алмаған мемлекеттер болашақта артта қалады. Қазақстан үкіметі мен өнеркәсібі бұл бағыттың ел болашағы үшін маңыздылығын жақсы түсінеді.
Бұл қадам айтарлықтай экономикалық өсімге әкеліп, Қазақстанды Батыс пен Шығыстағы көптеген мемлекеттермен бір деңгейге шығаратынына сенімдімін.
Қазақстанның географиялық тұрғыдан құрлықтың дәл ортасында орналасуы – оны Солтүстік пен Оңтүстік, Шығыс пен Батыс арасындағы көпірге айналдырады.
Қазақстанда қазір шынымен қызықты процестер жүріп жатыр: атом электр станциясын салу бастамасы – өте орынды идея, «Орта дәлізді» дамыту – әсерлі жоба. Ал жасанды интеллект инфрақұрылымын енгізу – Қазақстанның тұрақты болашағының кепілі.
Соңғы жылдары Қазақстан Президенті мемлекеттік институттарды жаңғыртудан бастап экономиканы әртараптандыруға дейінгі кең ауқымды реформалар жүргізді. Сіздің ойыңызша, бұл өзгерістер Қазақстанның халықаралық беделіне және инвесторлардың сеніміне қалай әсер етті?
Инвесторлардың Қазақстанға деген сенімі тарихи жоғары деңгейге жетті. Бұл елдің несиелік рейтингтерінен және құқық үстемдігінің нығаюынан анық көрінеді. Бұл бағыттан ауытқымау маңызды. Үкіметтің ашықтығы мен құқықтық жүйені нығайту — Қазақстанның табысты болашағының кілті.
Жасанды интеллект — экономиканың ғана емес, жаһандық қауіпсіздіктің де қозғаушы күші. Алдағы жылдары жаңа технологиялар халықаралық қауіпсіздікке қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
Жасанды интеллект халықаралық қауіпсіздікті түбегейлі өзгертеді. Ол оны пайдаланатын барлық елдер үшін тең жағдай жасайды. Ақпаратқа тең қолжетімділік — адамзаттың арманындағы мақсат. Жасанды интеллекттің көмегімен адамдар тиімдірек өзара әрекеттесіп, білім мен тәжірибе алмасады.
Қазақстан үшін бұл үлкен мүмкіндік, себебі елде халықтың сауаттылық деңгейі жоғары. Бұл артықшылық Қазақстанды Орталық Азияның «шамшырағына» айналдыра алады.
Future Resilience Forum саяси қайраткерлерді, сарапшылар мен бизнес өкілдерін тұрақты және қауіпсіз болашақты талқылау үшін біріктіреді. Мұндай алаңдар жасанды интеллектті басқарудың бірыңғай қағидаларын қалыптастыруға және цифрлық теңсіздікті азайтуға қалай көмектесе алады?
Өкінішке қарай, цифрлық теңсіздік — бұл шындық.
Цифрлық революцияға инвестиция салмаған елдер прогрестен артта қалады. Сондықтан Future Resilience сияқты конференциялар өте маңызды: олар түрлі елдер мен салалардың өкілдерін біріктіріп, ортақ шешімдер іздейді.
Биылғы, 2025 жылғы Лондон форумында жасанды интеллект басты тақырыптардың бірі болды. Қазақстаннан келген үкімет өкілдері мен сарапшылар әлемдік мамандармен пікір алмасып, маңызды байланыстар орнатты. Мұндай кездесулердің нақты пайдасы бар.
Сіз Қазақстанда бұрын болғансыз ба?
Иә, мен онда төрт-бес рет болдым, соңғы сапарым бірнеше ай бұрын өтті.
Мені ең әсер еткен нәрсе — адамдардың жылы шырайлылығы мен ақжарқындығы. Олар ақылды, энергияға толы және қонақжай. Мен Қазақстанның әрі қарай да өсіп, дамитынына сенемін.