467,5 млрд теңге жиналмады: бюджетке түсетін салық көлемі неге азайды?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Салықтыі басым бөлігі мұнайдан түскен / shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

2025 жылдың 9 айында республикалық бюджетке жоспарланған қаржының 95%-ы, яғни 15,3 трлн теңге түскен. Алайда қазынаға салық 467,5 млрд теңгеге кем құйылды. Қаржы министрлігі мұны ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы (ҚҚС) мен корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша жоспардың орындалмауымен түсіндіреді.

Республикалық бюджет кірістері трансферттерді есепке алғанда 15,1 трлн теңгені құрады, бұл жоспардың 94,4 пайызы. Трансферттерді есептемегендегі таза кірістер 10,5 трлн теңгені құрап, жоспардың 97,3 пайызына жетті. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда таза кірістер 1,4 трлн теңгеге артқан.

Бюджет құрылымында негізгі үлес салық түсімдеріне тиесілі. 2025 жылғы 1 қазанға дейін бюджетке 9,95 трлн теңге салық түскен. Дегенмен бұл жоспарланған көрсеткіштен 467,5 млрд теңгеге төмен, яғни салық түсімдер бойынша жоспардың 95,5 пайызы ғана орындалды. Негізгі жоспар орындалмауы ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы (-512,8 млрд теңге) және корпоративтік табыс салығымен (-187 млрд теңге) байланысты болды.

Сонымен бірге кейбір бағыттар бойынша жоспар асыра орындалды. Импортқа салынатын ҚҚС 169,9 млрд теңгеге, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлемдер 75,7 млрд теңгеге, шикі мұнай экспортына кедендік баж 12,8 млрд теңгеге жоспардан жоғары болды. Бұл сыртқы сауда айналымының жоғары болуымен және энергетикалық экспорт көлемінің өсуімен байланысты.

Салықтық емес түсімдер 551,7 млрд теңгеге жетіп, жоспар 144,4 пайызға орындалды. Мұның негізгі бөлігі «басқа да салықтық емес түсімдер» бабы арқылы түскен қаржыға тиесілі (192,5 млрд теңге). Бұл мемлекеттік меншікті пайдаланудан түсетін алымдардың және айыппұлдар мен санкциялардың өсуімен түсіндіріледі.

Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер де жоспарланғаннан жоғары – 282,2 пайыз болды. Ал бюджетке түскен трансферттер 4,6 трлн теңгені құрап, жоспардың 88,4 пайызы деңгейінде қалды. Оның ішінде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт толық көлемде – 2 трлн теңге аударылған.

Шығыстар: жоспар толық орындалмады

Есепті кеңезде бюджет шығысы 17,9 трлн теңгені құрады, бұл жоспардың 93,1 пайызына тең. Өткен жылмен салыстырғанда шығыстар 1,26 трлн теңгеге артқан. Алайда 1,33 трлн теңге жұмсалмай қалды. Оның ішінде:

  • 1,16 трлн теңге – қаржыландырудың кешіктірілуі салдарынан,
  • 150 млрд теңге – игерілмеген қаржы,
  • 22,3 млрд теңге – үнемделген қаражат.

Бюджет бағдарламалары әкімшілерінің арасында ең көп игерілмеген қаржы Қорғаныс министрлігіне тиесілі: 108,8 млрд теңге. Бұл мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау кезінде ұйымның қайта құрылуына байланысты. Цифрлық даму министрлігі 7,2 млрд теңгені, Антикор 7,1 млрд теңгені игермеген. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурада қаржы игерілмеу фактілері тіркелді.

Оған конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі, келісімшарттарды кеш бекіту, орындалған жұмыстар актілерінің уақытылы ұсынылмауы және мемлекеттік органдардың қайта құрылуы себеп.

Бюджет тапшылығы

Есепті кезеңнің соңында республикалық бюджеттің тапшылығы 2,6 трлн теңгені құрады, бұл ЖІӨ-нің 1,7 пайызына тең. Тапшылық негізінен қарыз алу арқылы қаржыландырылды: 6,2 трлн теңге қарыз түсімі тіркелсе, 3,6 трлн теңге қарыз қайтаруға жұмсалды.

Жергілікті бюджеттерге бөлінген трансферттер

Жергілікті атқарушы органдарға 1,84 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған. Оның 1,12 трлн теңгесі бөлінді. Алайда кей өңірлер үлестірілген қаражатты уақытында игермеді. Игерілмеген сома – 12,7 млрд теңге. Ең көп игерілмеген қаржы Атырау облысы (3,5 млрд тг), Алматы қаласы(3,1 млрд тг) және Ұлытау облысына (1,2 млрд тг) тиесілі.

Жалпы биыл бюджетке 21,4 трлн теңге түседі деп жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз