
ҚР Энергетика министрлігі «Лукойлдың» Қазақстандағы активтерін сату мәселесіне қатысты пікір білдірді. Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтің айтуынша, ресейлік компанияның үлестерін сатып алу немесе қайта бөлу туралы айтуға әлі ерте. Өйткені ресми келіссөздер басталған жоқ, Қазақстан әзірге жағдайды бақылап отыр.
Ресейлік «Лукойл» компаниясы бірнеше елдің санкциясына ұшырауына байланысты шетелдік активтерін сататыны туралы ақпарат тараған.
Осы ретте журналистер Қазақстан «Лукойлдың» елдегі мұнай-кен жобаларындағы үлесін сатып алуы мүмкін бе деген сұрақ қойды. Алайда вице-министр бұл мәселе әзірге талқыланып жатпағанын айтты.
«Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі шетелдік әріптестермен байланыста. Бұл – жаңа ақпарат, нақты айтуға әлі ерте. Алдағы уақытта қосымша мәліметтер болады. Үлкен жұмыс жүріп жатыр», – деді Жаркешов.
Ресейлік «Лукойлдың» Теңіз кен орны, Қарашығанақ газ-конденсат жобасы, Каспий құбыр консорциумы (КТК), Қаламқас-Хазар жобасында үлесі бар.
«Лукойл“ – „ҚазМұнайГаздың“ серіктесі. Компанияның өз стратегиясы бар. Қазір үлесті сатып алу мәселесі де, акционерлік құрамды өзгерту де Энергетика министрлігінің күн тәртібінде тұрған жоқ», – деді ол.
Бұған дейін АҚШ шектеулеріне Kalamkas-Khazar Operating LLP те іліккені мәлім болған. Өйткені бірлескен жобаның 50%-ы «Лукойлға», қалғаны «ҚазМұнайГазға» тиесілі.