Бурабайдағы туризмді дамытады: Қазақстан мен Финляндия 15 келісімге қол қойды
Жарияланды

Финляндия президенті Александр Стуббтың Қазақстанға ресми сапары барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 15 құжатқа қол қойылды. Құжаттар энергетика, су ресурстары, экология, білім, туризм және өнеркәсіп бағыттарын қамтиды.
Қол қойылған маңызды келісімдердің қатарында:
- Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндияның Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы (STUK) арасында ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы;
- Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Финляндияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі арасында су ресурстарын тиімді басқару мәселелері бойынша меморандум;
- Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі, Finnish Water Forum және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті арасында су ресурстарын цифрландыру және басқару саласында ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту жөніндегі меморандум;
- «Бурабай» курорттық аймағында туризмді дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Finnish Water Forum арасындағы экологиялық мониторингке арналған автоматтандырылған AMS жүйесінің жергілікті өндірісін жолға қою жөніндегі декларация;
- Қазақстанда экологиялық ауыл жобасын дамыту жөніндегі меморандум;
- «Теңіз жасағы» АҚ мен финляндиялық Lamor Corporation Plc компаниясы арасында мұнай төгінділерінің салдарын жою және теңіз операцияларын қолдау саласындағы әріптестік туралы меморандум бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі екенін атап өтті.