Жаңалықтар

Қазақстанда энергия саласын бірыңғай басқару жүйесі құрылады

Фото: kursiv.media архиві

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында еліміздің отын-энергетика кешені қалай цифрландырылатынын айтып берді.

Министр қазіргі уақытта «Отын-энергетика кешенін бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесі» (EnergyTech) атты салалық платформасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«EnergyTech платформасы отын-энергетика кешенінің барлық саласын бір платформа базасына біріктіреді. Ол энергетика секторы, кен пайдалану және қайта өңдеуден бастап көмір өнеркәсібіне дейінгі ОЭК-тің 10 негізгі бағыты бойынша басқару процестерін кешенді үйлестіруді қамтамасыз етеді. Жүйені толық көлемде жасап шығарып, өнеркәсіптік деңгейде қолданысқа енгізу 2026–2027 жылдарға жоспарланып отыр», – деп нақтылады Ерлан Ақкенженов.

Министр биыл 7 цифрлық сервис пайдалануға берілгенін, оның ішінде 2 сервис энергетика секторында жүзеге асырылғанын айтты.

Атап айтқанда, бірінші сервис – күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен оның өту барысын онлайн режимде мониторингтеуге мүмкіндік береді. Екінші сервис – шекті тарифті бекіту процесін цифрландыруға бағытталған, бұл шешім қабылдауда ашықтық пен тиімділікті арттыруға тиіс.