
Қазақстанның шығысындағы Курчатов қаласында жылу электр орталығын (ЖЭО) салуға арналған тендер жариялау жоспарланып отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда Екібастұз ГРЭС-3 (2 640 МВт) құрылысына инвестор анықтау бойынша тендер өткізілді, сондай-ақ Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын жылу электр станциясын (ЖЭС) салуға тендер жариялау жоспарланып отыр», – деді ол Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, бұл электр станциялары экологияға әсерді барынша азайтатын «таза көмір» технологиялары негізінде дамиды. Сөзінше, тікелей келісімшарттар аясында Энергетика министрлігі «Самұрық-Энерго» компаниясымен бірлесіп Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларында жылу электр орталықтарын салып жатыр. Бұл нысандарда түтін газдарын сүзгіден өткізудің заманауи жүйелері мен ауыр металл бөлшектерін ұстайтын жабдықтар орнатылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 2029 жылға қарай елдегі электр энергиясына деген қажеттілікті толық жабуды көздеп отырғанын жазғанбыз. Бұл мақсатта 2025 жылы 621 МВт-тан астам қуат көздерін іске қосу жоспарланған.