Сауда орталығында іш киіммен жүгірген ер адам 15 тәулікке қамалды

Астанада 28 қазанда сауда орталығында бұзақылық жасаған ер адамды сот 15 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Елордалық әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше, оқиға 2025 жылдың 21 қазанында болған. М. есімді азамат сауда орталығында іш киіммен жүріп, қолына: «маған пәтер бер!» деген плакат ұстап алған. Оның әрекеттері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабының 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша сараланды.
«Сотта М. кінәсін мойындап, өкініп, Астанада пәтер ұтып алу үшін назар аударғысы келетінін түсіндірді. Бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған», – делінген соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Істің мән-жайын ескере отырып, сот ер адамды кінәлі деп тауып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.