Балаларға кальций мен D дәрумені: артық мөлшердің қаупі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
D дәрумені ағзадағы көптеген маңызды үдерістерге қажет / фото: бильд-редактор: Юлия Петрова
D дәрумені ағзадағы көптеген маңызды үдерістерге қажет / фото: бильд-редактор: Юлия Петрова

D дәрумені мен кальций – балалар үшін ең маңызды қоректік заттардың бірі. Екі жасқа дейінгі балаларда жетіспеспесе, рахит ауруына әкеледі.

Бұл – сүйектердің жұмсарып, деформациялануымен сипатталатын ауыр дерт. Ал ересек балаларда бұлшықет әлсіздігіне, сүйектің жиі сынуына себеп болуы мүмкін.

Балалардың жас ерекшелігіне қарай қанша D дәрумені мен кальций қажет, қашан қосымша препараттар қабылдау керек және артық мөлшердің қандай қауіп тудырады? Осы сауалдардың жауабын қарастырамыз.

Балаларға не үшін кальций мен D дәрумені қажет және қандай тағамдардың құрамында бар?

Кальций – ағзадағы ең көп мөлшерде кездесетін минерал. Балалар үшін ол ерекше маңызды. Себебі ол тек рахит пен сүйек сынуының алдын алу үшін ғана емес, қажетті сүйек массасын жинау үшін де керек. Бұл минерал негізінен сүйектер мен тістерде жиналып, оларды берік етеді.

Сонымен қатар кальций:

бұлшықеттердің жиырылу процесіне,

жүйке импульстарының берілуіне,

қан тамырлары қабырғаларының тонусын сақтауға,

кейбір гормондардың түзілуіне қатысады.

Кальцийдің негізгі көздері:

  • сүт өнімдері, әсіресе ірімшік;
  • қою жасыл көкөністер (мысалы, брокколи), бірақ шпинатты қоспаған жөн. Өйткені одан кальций нашар сіңеді;
  • кальциймен байытылған тағамдар мен сусындар (мысалы, байытылған ұннан жасалған нан және бәліш);

     – сүйегімен бірге жейтін консервіленген балық (мысалы, сардина).

D дәрумені ағзадағы көптеген маңызды үдерістерге қажет. Соның ішінде кальцийдің сіңуіне де ықпал етеді. Ол бұлшықеттердің, сүйектердің және иммундық жүйенің саулығын сақтайды. Бұл дәруменнің көп бөлігі теріде күн сәулесінің әсерінен түзіледі. Сондай-ақ тағам арқылы да ағзаға түседі. D дәрумені майлы балықтарда, жұмыртқада, бауырда және байытылған тағамдарда, көбінесе сүтте кездеседі.

Балаларға кальций мен D3 дәрумені қаншалық мөлшерде қажет?

Дені сау балалардың кальцийді тамақтан алғаны дұрыс. Қоспалар сирек жағдайда ғана қажет. Мәселен:

  • сүт өнімдерін мүлде тұтынбайтын балаларға;
  • не болмаса, ішектің созылмалы қабыну аурулары (мысалы, Крон ауруы) бар балаларға.

Себебі олар қоректік заттарды нашар сіңіреді.

Мұндай жағдайда дәрігермен кеңесіп, қандай кальций препаратын және қандай мөлшерде қабылдау керектігін анықтау қажет.

D дәрумені болса, оны балалар жиі профилактикалық мақсатта қабылдауы тиіс.

Мысалы:

  • Емшек сүтімен немесе аралас қоректенетін 1 жасқа дейінгі балаларға D дәруменін міндетті түрде беру керек;
  • ал күн сайын литрге жуық қоспа ішетін балаларға қосымша дәрумен қажет емес. Өйткені қоспаның құрамында D дәрумені бар.

1 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер дәруменді тағамнан және күн сәулесінен ала алады. Бірақ бұл әрдайым мүмкін бола бермейді.

Мысалы:

  • күн аз түсетін аймақтарда тұратын немесе қыста сыртқа сирек шығатын балаларға D дәруменін препарат түрінде қабылдау ләзім;
  • сондай-ақ D дәруменіне бай тағамдарды аз тұтынатын балаларға да оны қосымша қабылдау қажет. Мысалы, бұл күн сайын литрден аз байытылған сүт ішетін, не балық пен жұмыртқаны сирек жейтіндерге керек.

Балаларға қанша кальций мен D дәрумені қажет?

Кальций.
Жаңа туғаннан бастап 1 жасқа дейінгі балаларға тәулігіне 200–260 мг кальций жеткілікті. Бұл мөлшер емшек сүтімен немесе сәбилерге арналған қоспамен толық қамтамасыз етіледі.


Үлкен балаларға арналған тәуліктік нормалар:

  • 1-3 жас – 700 мг;
  • 4-8 жас – 1000 мг;
  • 9-18 жас –1300 мг.

Тамақ арқылы шамамен 1000 мг кальций алу үшін бір стақан сүт, бір кесе табиғи йогурт және шамамен 30 грамм қатты ірімшік жеткілікті.
Ал жасөспірімдерге арналған тәуліктік мөлшерді толтыру үшін осы тағамдарға қосымша бір шағын порция балмұздақ пен бір кесе брокколи қосуға болады.

D дәрумені.

  • 1 жасқа дейінгі балаларға – тәулігіне 400 ХБ (IU) тағамнан немесе қоспалардан;
  • 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға – тәулігіне 600 ХБ (IU) қажет.

Бір стақан байытылған сүтте шамамен 120 ХБ,
100 грамм алабалық немесе албырт балығында – 600-700 ХБ D дәрумені бар.

Басқа өнімдерде бұл дәрумен әлдеқайда аз:

  • бір үлкен жұмыртқада немесе 100 грамм бауырда – шамамен 40 ХБ,
  • 45 грамм ірімшікте – 17 ХБ,
  • 100 грамм тунец немесе сардин консервісінде – 45 ХБ шамасында ғана бар.

Барлық балалар майлы балық жей бермейді. Байытылған сүт ішпейді. Сондықтан мамандардың ұсынысы бойынша 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға тәулігіне 600 ХБ (IU) мөлшерінде профилактикалық D дәруменін қабылдау қажет.

Бұл жағдайда қандағы D дәрумені деңгейін анықтау үшін талдау тапсыру міндетті емес. Мұндай доза қауіпсіз және дәрумен тапшылығы болмаса да зиян келтірмейді.

Кальций мен D дәруменінің артық мөлшері қандай қауіп тудырады?

Кальций.

Кальций қоспаларын шамадан тыс қабылдау сирек жағдайда ғана қауіп тудырады. Бірақ оның деңгейі қанда жоғарылайтын кейбір аурулар кезінде кальций бар биологиялық қоспаларды (ББҚ) және дәрілерді қабылдауға болмайды.

Сондай-ақ кей зерттеулер кальцийді жоғары дозада тұтыну жүрек ауруларына байланысты болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бірақ бұл мәліметтер әлі нақты дәлелденбеген.

Кальцийді шамадан тыс, яғни тәулігіне 1500 мг-нан артық қабылдау іштің ауруына және диареяға (іштің өтуіне) әкелуі мүмкін. Бұл белгілер қоспаларды тоқтатқан соң өздігінен жоғалады.

D дәрумені.

D дәруменінің артық мөлшері – ағза үшін қауіпті жағдай.

Негізгі белгілері:

жүрек айну, құсу,

бұлшықет әлсіздігі,

естің шатасуы,

іштің ауруы, тәбеттің жоғалуы,

сусыздану,

жиі зәр шығару және қатты шөлдеу.

D дәруменінің шамадан тыс жиналуы бүйректе тас түзілуіне,

ал өте жоғары деңгейі бүйрек жеткіліксіздігіне, жүрек ырғағының бұзылуына, тіпті өлімге де әкелуі мүмкін.

Артық дозалану көбіне қоспаларды немесе дәрілерді шамадан тыс қабылдаудан туындайды.

Профилактикалық мөлшер мұндай қауіпті тудырмайды. Тіпті бала дәруменді тағам арқылы да алып отырса да.

Күн сәулесінің әсерінен дәруменнің артық мөлшері түзілмейді. Тері өздігінен дәрумен өндіруді шектейді.

Көбіне ата-аналар өз бетінше емдік дозаны (мысалы, тәулігіне 1000 ХБ және одан жоғары) тағайындаған кезде қауіп тууы ықтимал.

Мұндай жоғары мөлшерді тек дәрігердің бақылауымен және балада дәрумен тапшылығы қан талдауы арқылы дәлелденсе немесе рахиттің айқын белгілері болса ғана қолдануға болады.

Өз бетіңізше баланың жасына сай профилактикалық дозадан артық дәрумен беруге болмайды.

Сондай-ақ оқыңыз