«Хуторлық Хасан» 15 жылға сотталуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«Хуторлық Хасан» лақап атымен танылған Хасан Қасымбаев пен тағы бес адамға қатысты сот аяқталуға жақын / коллаж kursiv.media
«Хуторлық Хасан» лақап атымен танылған Хасан Қасымбаев пен тағы бес адамға қатысты сот аяқталуға жақын / коллаж kursiv.media

«Хуторлық Хасан» 15 жылға сотталуы мүмкін. Айыптаушы тарап Хасан Қасымбаевқа ұзақ мерзімді түрме жазасын сұрады.

Orda ақпаратына қарағанда, Талғар қаласында «Хуторлықтар» тобының жетекшісі деп аталып жүрген Хасан Қасымбаевқа қатысты сот ісі соңғы кезеңіне жақындап қалды.

Бүгінгі сот жарыс сөзінде прокурор оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Тергеу нұсқасы бойынша, 2021 жылы Қасымбаев аралас жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімовті ұрлап, ауыр жарақат салған.

Оған тағы бір айып тағылып отыр. Ол – 2016 жылы Аюпжан Тәжіевке шабуыл жасау.

Бұл іс бойынша Қасымбаевпен бірге тағы бес ер адам жауапқа тартылған. Олардың барлығы сотта өздеріне тағылған айыптың жалған екенін мәлімдеген.

Хасан Қасымбаевтың есімі бұдан бір жыл бұрын ел арасында кеңінен белгілі болды. Шерзат Полаттың өліміне қатысты «Хуторлықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобымен байланысы бар деген әңгіме тараған.

Алайда «хуторлық» Хасан Қасымбаев қылмыстық әлеммен байланысын толық жоққа шығарды. Мұның алдында адвокат оның ісін қарап жатқан судьяны ауыстыруды сұраған еді.

Сондай-ақ оқыңыз