Lifestyle

«Еңбектің ескерілмеуі – әділетсіздік»: Қарақат Әбілдина өкпесін айтты

Қарақат Әбілдина танымал топқа бір жапырақ қағаз да бұйырмағанына қынжылды / фото: скрин
Қарақат Әбілдина танымал топқа бір жапырақ қағаз да бұйырмағанына қынжылды / фото: скрин

Қарақат Әбілдина өкпесін айтып, «Ұлытау» этно-рок тобының еңбегі еленбей қалғанына наразы екенін білдірді.

Оның пікірінше, «Ұлытау» тобы кеше тағы да елеусіз қалған.

«Қазір әлеуметтік желіде қозғап жатқан мәселе туралы менің де айтарым бар! 25 жыл бойы домбыраны арқалап, 25 жыл бойы қазақтың үнін әлемге танытып, 25 жыл бойы мәдениет үшін тынымсыз еңбек еткен «Ұлытау» тобы кеше тағы да елеусіз қалды», – деді әнші.

Қарақат Әбілдинаның айтуынша, олар марапат сұрап отырған жоқ. Алайда еңбектің ескерілмеуін әділетсіздік деп есептейді.

«Олар – қазақтың брендіне айналған бірегей топ.  Олар – Моцарт пен Құрманғазыны бір сахнада үндестіре алған құбылыс! Олар – этно-рокты идеология үшін сахнаға алып шыққан талант иелері!», – дейді Қарақат Әбілдина.

Әншінің сөзіне қарағанда, қазақтың қара домбырасын насихаттауда бұл топтың қосқан үлесі көп.

«Ұлытау» болмаса, бүгінгі жастар күйге дәл осылай ғашық болар ма еді?

«Ұлытау» болмаса, домбыра дәл осындай жаңа тыныс алар ма еді?

«Ұлытау» болмаса, домбыраға стадион толы халық жиналар ма еді?», – дейді «Парасат» орденінің иегері.

Қарақат Әбілдинаның ойынша, «халықтың жүрегінен орын алған топқа» осы уақытқа дейін ресми түрде бір жапырақ қағаз да бұйырмауы әділет емес.

«Ұлытау» тобының продюсері Қыдырәлі Болманов жары ретінде емес, «мәдениеттің жанашыры, ұлттық рухтың үнін көтеріп жүрген әнші, ана, азамат» ретінде пікір айтып отырғанын жеткізді.

«Ұлытауды» марапаттау – күйге, домбыраға, ұлттық рухқа бас ию. «Ұлытауды» елемеу – ұлттық өнерді, адал еңбекті елемеу.!» – деді Қарақат Әбілдина өкпесін айтып.