Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президентімен келіссөз жүргізді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббтың сапарының маңызын атап көрсетті / фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббтың сапарының маңызын атап көрсетті / фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президентімен келіссөз жүргізді. Ол Александр Стуббтың сапарын екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп сенетінін жеткізді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар. Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның орны ерекше», – деді Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент аталған жиынға қатысатынын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл екі елдің кәсіпкерлерінің іскерлік байланыстарын дамытуға зор септігін тигізеді.

«Бұдан бөлек, гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Қазақстандықтар Финляндияны, сіздердің салт-дәстүрлеріңіз бен мәдениеттеріңізді құрметтейді. Көптеген отандасымыз Сіздің елге турист ретінде жиі барады. Сапарыңыз мемлекеттер арасындағы серіктестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін», – деді Тоқаев.

Өзінің сөзіне қарағанда, Финляндия Президенті Александр Стубб Қазақстанға үшінші мәрте келіп отыр. Алғаш рет 2008 жылы келген.

«Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші – өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сияқты танымал фин брендтерін көрдім. Бұл бізді қуантады», – деді Александр Стубб.

Оның айтуынша, келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біршама мәселе бойынша екі ел ұстанымдарын ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтылмақ.

Мұның алдында Президент Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз