Динара Сәтжан Қайрат Нұртастың қызы Алауды буллингтен қорғауды сұрады

Тележүргізуші Динара Сәтжан әнші Қайрат Нұртастың қызы Алауды буллингтен қорғауды сұрайды. Бұл өтінішін Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспановаға айтты.
Жүргізуші Насымжан Оспановадан Qogam news YouTube арнасына арнайы сұхбат алған. Сол жерде балалар кибербуллингі мәселесін көтеріп, жасөспірім Алауға жиі хейт жазылатынын жеткізген. Комитет төрайымы жеке қадағалауға уәде берді.
«Мен бұл мәселемен айналысамын. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, сондықтан интернетте балаға қарсы қорлайтын пікір қалдырғандар жазасыз қалмайды. Мұндай адамдарды табу қиын емес. Бірінші ескерту ретінде 10 мың АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал егер буллинг суицидке итермелесе , бұл қылмыстық іс болып саналады», – деді Насымжан Оспанова.
Алау Нұртас жазда өзіне оқырмандары өте жиі сын пікір жазатынын айтып, бірнеше рет шағымданған. Көпшілігі оның киім киісіне, стиліне, өмір сүру салтына сын айтатын көрінеді.
«Басқа елдердің адамдары мені қолдайды, шабыт алады, жылы сөздер жазады. Ал менің халқым маған өлім тілейді, балағаттайды, жек көреді. Бұл – менің өмірім. Менің жүзім. Менің стилім. Және мен ғана өзімнің қандай болатынымды шешемін. Сіздер мені шын мәнінде қандай екенімді білмейсіздер. Көріп жүргендеріңіз, мүмкін, жай ғана образ шығар. Ал өмірде… мен мүлде басқа адаммын», – деген еді ол жазбаларының бірінде.