Илон Маск «Уикипедияға» балама Grokipedia 0.1 платформасын іске қосты

АҚШ кәсіпкері Илон Маск «Уикипедияға» балама жоба – Grokipedia 0.1 платформасын таныстырды. Жаңа сайтта шамамен 900 мыңға жуық мақала бар.
Қазіргі уақытта жоба 0.1 нұсқасында жұмыс істеп тұр. Басты беттегі мәліметке сәйкес, Grokipedia кітапханасында 885 279 мақала бар, ал «Уикипедияда» олардың саны 8 миллионнан асады.
Илон Маск Х әлеуметтік желісіндегі жазбасында Grokipedia-ның 1.0 нұсқасы он есе жақсырақ болады деп мәлімдеді. Ол тіпті қазіргі нұсқаның өзі «Уикипедиядан асып түседі» деп есептейді.
Ал «Уикипедияның» негізін қалаушының бірі Джимми Уэйлс Washington Post басылымына берген сұхбатында Grokipedia-дан үлкен үміт күтпейтінін айтты. Оның пікірінше, мәтінді өңдеуге арналған жасанды интеллект модельдері әлі жетілмеген, сондықтан қателіктер көп болады.
Илон Масктің жобасы Grok чат ботының негізінде жұмыс істейді. Оның Chatgpt чат-ботынан артықшылығы туралы мына жерден біле аласыз.