
38 жастағы аргентиналық футболшы Лионель Месси 2026 жылы өтетін Әлем чемпионатына қатысқысы келеді. Әйгілі шабуылшы NBC телеарнасының тікелей эфирінде осылай деп мәлімдеді.
2026 жылғы маусымда Месси 39 жасқа толады. Соған қарамастан, футболшы Аргентина құрамасына әлем чемпионы атағын қорғауға көмектескісі бар.
«Әлем чемпионатына қатысу – ерекше сезім. Менің де осы додадан тыс қалғым келмейді», – дейді шабуылшы.
Әлем чемпионаты Солтүстік Американың үш елінде: АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.
«Бар күшіммен ойнап, ұлттық құрамаға көмегім тие ме? Жағдайымды келесі маусымға дайындық барысында бағамдаймын. Шешімді сосын қабылдаймын. Әлбетте, әлем біріншілігінде ойнағым келеді», – деді чемпион.
Лионель кәсіби футболда 2004 жылдан бері өнер көрсетіп жүр. «Барселона» сапына кірген уақытта ол бар болғаны 17 жаста еді. Қазір шабуылшы «Интер Майами» жейдесін киіп жүр.
2022 жылғы Әлем біріншілігінде Аргентина құрамасы финалда Францияны жеңіп, чемпион атанған.
Биыл жазда тағы бір атақты футболшы – 40 жастаға Роналду Португалия құрамасына шақырту алған.
Қазақстан құрамасы дүдірлі додаға іріктеуден өте алмады. Орталық Азия елдерінен әлем біріншілігінде Өзбекстан құрамасы ойнайды.