Жаңалықтар

Ақтауда көпқабатты үйде газ жарылып, бес адам ауруханаға түсті

Маңғыстау облыстық ауруханасының жансақтау орталығы / фото: lada.kz
Маңғыстау облыстық ауруханасының жансақтау орталығы / фото: lada.kz

28 қазанда таңертең Ақтау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, бес адам ауруханаға түсті. Бұл туралы жергілікті Lada.kz хабарлады.

Басылымның мәліметінше, жарылыс тұрғын үйдің жертөлесінде болған. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендер туралы мәлімет берді. Мекеме дерегінше, ауруханаға бес адам түсті. Олардың үшеуі – бала. 1973 жылы туған бір науқас облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оның денесі қатты күйіп қалған.

2003 жылы туған бір науқастың жарақаты жеңіл болғандықтан, дәрігерлер көмегінен кейін үйде емделуге шығарған.

Облыстық балалар ауруханасына үш бала түскен. 15 жастағы қызға иіс тигені анықталды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалады. Он жастағы тағы бір қыз да газдан уланған, бірақ оның анасы баласын қолхатпен ауруханадан шығарып алған. Жеті бастағы бір балаға иіс тиген. Дәрігерлер оны да үйге емделуге жіберген.

Жарылыстың қатты болғаны сонша, көп қабатты үйдің алдында кірпіштен тұрғызылған қоршау құлап қалған. Ал жарылыс болған жертөледе жиһаз шашылып жатыр.

Ақтауда болған жарылыс кезінде куәгерлер түсірген видеолар әлеуметтік желілерде тарады.