Lifestyle

Назарбаев ашқан ең үлкен қонақүйге 16 мыңға түнеуге болады

Фото: facebook.com/kinghotelastana, бильд-редактор: Дастан Шанай

Блогер Митя Байзаров Instagram-да Қазақстандағы ең үлкен қонақүй туралы баяндады. Төрт жұлдызды King Hotel Astana елорданың оң жағалауында орналасқан. Оны кезінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ашқан.

23 қабаттан тұратын қонақүй ғимаратында 475 нөмір бар. Блогердің есептеуінше, күнді бір нөмір ауыстырсаң, бәріне түнеп шығу үшін бір жарым жыл уақыт кетеді. 2009 жылы ашылған уақытта Астанадағы ең үлкен ғимараттардың бірі болған. Билік Алматыдан елордаға көшкен кезде бой көтерген қонақүйдің даңқы қазір ұмытылып бара жатыр. Бірақ оның рекордын елдегі ешбір қонақүй қайталай алмады.

Байназаров мұндағы тамақтың дәмді, елордадағы бағамен салыстырғанда, нөмір жалдау ақысы арзан екенін айтып отыр. Мәселен, Booking.com сайтының мәліметінше, қарашада екі орындық нөмірді бір тәулікке алу ақысы 22 400 теңге, ал жартылай люкс 34 400 теңге тұрады. Ертерек брондау арзанға түседі – 16 мың. Бұған қоса, қонақүй бизнес-класс аппартаментін бір айға 150 мың теңгеден басталатын бағаға ұсынады. Жалға алу мерзімі 1 айдан басталады.

2017 жылы King Hotel Astana қожайыны өзгерді. БАҚ мәліметінше, нысан 6 млрд 678 млн теңгеге сатылған. Сол кезде банктердің бірінде кепілде тұрған қонақүй берешек есебімен қаржы ұйымының меншігіне өткен.

eGov порталының 28 қазандағы мәліметінше, қазір бұл қонақүйге Vistal Group арқылы Гүлмира Қойбағарова иелік етеді. 62 жастағы кәсіпкер әйел кезінде «Нұрбанктің» 9,87 % акциясына ие болған.