Қырғыз милициясы боксшы Биволдың әйелін іздестіріп жатыр

Қырғызстанда танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Оны ұлт араздығын туғызды деп айыптаған. Бұл туралы Бішкектің ішкі істер басқармасы хабарлады.
Тергеу нұсқасына қарағанда, қылмыстық істің Екатеринаның көпшілік алдында қырғыз халқына тіл тигізуіне қатысы бар. Бивол оны әлеуметтік желілерге 21 қазанда таратқан. Артынша қырғыз милициясы «ұлт араздығын туғызу» бабы негізінде қылмыстық іс қозғады, деп хабарлады 24.kg.
Екатерина Биволға сырттай айып тағылған. Сот оны қамауға алу шарасын таңдап, полиция күдіктіге іздеу жариялады. «Ұлт араздығын туғызу» бабы бес жылдан жеті жылға дейінгі аралықта түрме жазасын қарастырады. Тергеу жүріп жатыр.
Милиция мәліметінше, Екатерина өзі жариялаған видеода түрлі ұлттардың, оның ішінде қырғыздардың ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Осы оқиға Қырғызстан қоғамында да кеңінен талқыланып жатыр.
Екатерина Бивол – WBA, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, ресейлік және қырғызстандық боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі. Олар 16 жыл отасып, 2023 жылы ажырасып кеткен. Жұптың екі ұлы бар. Мирон мен Никон анасының қолында тұрады.
Осының алдында қырғыз милициясы Биволдың бұрынғы әйелінің айтқан сөздерін тексеріп жатқаны мәлім болған. Екатерина қырғыздарға ғана емес, қазақтарға да тіл тигізген. Дмитрий Биволдың анасы Шымкент қаласында дүниеге келгені мәлім.