
АҚШ пен Ұлыбритания санкциясына іліккен «Лукойл» ресейлік мұнай компаниясы шетелдегі активтерін сататынын жариялады. Оның Қазақстанда да бірнеше үлесі бар.
Шектеу және сату
«Лукойл»АҚШ қаржы министрлігі Шетелдегі активтерді бақылау жөніндегі басқармасының лизенциясы (OFAC) аясындағы халықаралық активтерін сатуды көздеп отыр.
«Активтерді сату OFAC лицензиясына сәйкес жұмысты тоқтату мақсатында жүзеге асырылады», – деп таратты ресейлік мұнай компаниясының баспасөз қызметі.
Компания сатып алушылардан өтініш қабылдау ісін бастап кетті.
Осының алдында OFAC «Лукойлға» санкцияға іліккен операцияларын аяқтауға 21 қарашаға дейін рұқсат берген. Шектеулердің компанияның өзіне ғана емес, үлесі 50%-дан асатын еншілік компанияларына да қатысы бар.
Естеріңізге сала кетейік, 15 қазанда Ұлыбритания, ал 23 қазанда АҚШ Ресейдің «Лукойл» және «Роснефть» компанияларына санкция салған.
«Лукойл» және Қазақстан
Дегенмен, Қазақстанның «PetroCouncil» мұнай-газ қауымдастығының мәліметінше, Қазақстан мен Әзербайжандағы жобалар Ұлыбритания санкцияларынан 2027 жылғы қазанға дейін босатылған. Олардың арасында Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК), Теңізшевройл, Қарашығанақ бар.
Бұған дейін АҚШ шектеулеріне Kalamkas-Khazar Operating LLP те іліккені мәлім болған. Өйткені бірлескен жобаның 50%-ы «Лукойлға», қалғаны «ҚазМұнайГазға» тиесілі.
14 қазана Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойл» Қазақстанға 30 жылда 12 млрд доллардан астам инвестиция салды деп мәлімдеген.
«Каспий қайраңында «Лукойл» «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесе «Қаламқас теңіз» және «Хазар» секілді перспективті жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Бұл – стратегиялық жобалар. Кен орындарын игеру үшін алты миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құю және екі мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу көзделген», – деген президент.
Енді осындай ірі жобаның болашағы бұлыңғыр болып тұр.
«Лукойл» сайтындағы мәліметке қарағанда, мұнай компаниясы Қазақстандағы бірнеше жобаға қатысады. Олар: Қарашығанақ, Теңіз және КҚК. Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнын игеруге Лукойл 1997 жылы қосылған. Дәл сол жылы ол Атыраудағы Теңіз жобасына да кірген. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ы КҚК арқылы тасымалданатын болса, консорциумның 12,5%-ы «Лукойлға» тиесілі.