Шымкентте автогаз тапшы ма

Шымкентте автогаз бекеттерінің көбінде газ жоқ. Газ бар бекеттердің өзінде жүргізушілер сағаттап кезекте тұр. Әкімдік мұны шеттен келген көліктермен байланыстырады.
Шымкентте автогаз тапшылығы байқалды. Автогаз бекеттерінің қызметкерлері қазан айында газ азайғанын айтады.
«Газ қазан айында 3-4 рет келді де, жоқ болды», – дейді бекет қызметкерлерінің бірі. Енді бірі күніне 5 тонна газ келгенімен, бәріне бірдей жетпей 7-8 сағатта таусылатынын айтады.

Kursiv.Media тілшісі қаланың бірнеше автогаз құю бекетіне барып, жағдаймен танысып қайтты. Оның бірінде ғана газ бар екеніне куә болды. Ол жерде ондаған жүргізуші кезекте тұрды.
«1 сағаттың ішінде 44 жүргізуші кезекке тұрды. Көп өтпей мына кезек 150-ге дейін барады», – деді жүргізушілердің бірі кезек жазылған тізімді көрсетіп.

Жүргізушілер күнде газ құю бекеттерінде сағаттап кезек күтуге мәжбүр екенін айтып шағымданды. Олар мұны газ бағасын көтерудің амалы деп бағалап отыр.
«Таңғы асымызды ішкен жоқпыз. Кезекте тұрмыз. Мұны құймасаң қанша тірлігің қалады. Бензинге ақша көп кетеді. Үнемдейміз деп әр жерде тентіреп осылай жүрміз. Бензин де қымбат, литрі 225 теңге», – деді бірі. Оның сөзін жалғаған екіншісі: «Азанда келесің, жұмыстан қаласың. Өзімізден газ шығады. Қайда жіберіп жатыр? Мәселе неде? Түсінбеймін. Бұл газ бағасын көтерудің амалы ғой», – дейді.
Ал әкімдік қалада газ тапшылығы жоқ екенін хабарлады. Керекті автогаз қалаға уақытылы жеткізіліп отыр. Мәселе шалғай аудандардан келіп жұмыс істейтіндерден тууы мүмкін. Оған қоса қалада газбен жүретін көліктердің саны көбейген болуы ықтимал.
«Бұл өте күрделі мәселе. Себебі біздегі автогазбен жүретін автокөліктердің саны нағыз, нақты статистикаға сәйкес келмейді. Себебі өзге аймақтардан келетін газбен жүретін көліктер біздің қаланың есебіне кірмейді. Сол себепті де осындай жағдай туындауы мүмкін. Әйтпесе, бізге қалаға қажетті газ көлемі толығымен жеткізіліп отыр», – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қалалық өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, бұдан бұрын бірнеше рет Шымкентте тұрғындар автогаздың тапшылығына байланысты шағымданған. Кейіннен газ беру қалыпты жағдайға түскенде, бағасы 90 теңгеден 102 теңгеге қымбаттаған еді.