Шымкентте жылу әлі берілмеді

Жарияланды
Шымкентте жылу әлі берілмеді / фото: kursiv.media архиві

Қараша айына жақындағанымен Шымкентте әлі жылу берілмеді. Әлеуметтік желіде жылуды қосуды сұрап, арызданып жатқандар бар. Әкімдік мұны ауа-райының жылы екенімен байланыстырады.

Жылда Шымкентте жылу 25 қазан күні берілетін. Қазір қазан айы аяқталуға санаулы күндер қалды. Қалада орталық жылу әлі қосылмады.

Жылудың жоқтығына наразы тұрғындар әлеуметтік желілерде де пікір жазып жатыр. Олардың жазуынша, үй суық, одан әсіресе балалар ауырып жатыр. Дегенмен бұл мәселеге қатысты қала әкімдігінің уәжі бөлек.

Қалалық өңірлік коммуникациялар орналығында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, жылуды қосудың өз тәртібі бар. Ол үшін ауа-райының түнгі және күндізгі температурасы есепке алынады. 3 күн ауа температурасы орташа есеппен 15 градустан түссе ғана қалада жылу беріледі.
«Ал Шымкентте түнде 10-12 градус жылы. Күндізгі жылу 22-25 градус болды. Бүгін, міне жайма-шуақ» деді қала әкімінің орынбасары.

Сәрсен Құранбектің пікірінше, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы пәтерлер суық болуы ықтимал. Ал жоғарғы қабаттағы пәтерлер салқындай қоймаған. Егер жылу қазір берілсе жоғарғы қабатта тұратын тұрғындардың құқығы шектеліпп, наразылығын тудыруы мүмкін.

«Сондықтан біз ауа-райының көрсетілген стандарттарға сай келуін күтіп отырмыз.
Алда-жалда 3 күн қатарынан ортаңғы температура 15 градустан төмендейтін болса біз бірден жылуды қосамыз. Жалпы 1 қарашадан бастап қосамыз ба деп отырмыз. Әйтпесе қазан айының 15-не жылуды беруге толықтай дауын болғанбыз. Күтіп отырмыз, қарап отырмыз, ауа-райын бақылап отырмыз», – деді қала әкімінің орынбасары.

Әкімдік мәліметінше, орталық қазандық жылу қосуға сақадай сай тұр. Бірінші кезекте қаладағы әлеуметтік нысандарға жылу беріледі.

Сондай-ақ оқыңыз