Қазақстанда аутизм белгісі бар бала саны көбейіп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Дәрігерлер елде аутизм белгісі бар 30 мың адам болуы мүмкін екенін айтады/фото: shutterstock

Қазақстанда аутизм спектрі бұзылысы (АСБ) диагнозы қойылған бала саны көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша республикада дамуында ерекшелік бар 14,5 мың кәмелетке толмаған бала тіркелген. Бұл 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 17,8%-ға көп. Ranking.kz сарапшылары жасаған талдау дамуында ерекшелік бар бала саны 2019 жылдан бері 5,1 есеге артқанын көрсеткен.

Аутизм бұзылысы бар әр бесінші бала 5 жасқа толмаған, бұл шамамен 2,8 мың адам. Дамуында ерекшелік бар кәмелетке толмағандардың төрттен үш бөлігі – 6 мен 14 жас аралығындағы балалар (10,9 мың адам). 15-17 жас аралығындағы жасөспірім саны – 807 адам.

«Бала санының артуына бірнеше фактор әсер еткен. Бірі – ата-аналардың ерекшелікті ерте байқауы, медициналық ұйымдардың сәбидің мінез-құлқындағы ерекшелікті анықтауы, аутизмді ерте анықтау жүйесінің енгізілуі. Тағы бір фактор – дамуында ерекшелік бар баланың көбеюі», – дейді сарапшылар.

Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығының невролог дәрігері Эльмира Жанғозиеваның айтуынша, сәбиге алты айдан бастап диагноз қойылады. Ал бала құрсақта жатқаннан мұның алдын алу мүмкін емес. Себебі алғашқы белгілері бала туғаннан кейін көрінеді.

«Аутизм генетикалық тұрғыда пайда болады. Қоршаған ортаның әсері, әйел жүкті кезіндегі күйзеліс, әртүрлі инфекциялық ауру генетикаға зақым келтіреді», – дейді дәрігер.

ДДСҰ дерегі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегіне сәйкес, егде жастағы ата-анадан туған, әйелде жүкті кезінде қант диабеті болған, шала туған, ауыр жағдайда дүниеге келген балаларда аутизм кездесуі мүмкін. Сондай-ақ экологиялық және генетикалық факторлар да әсер етеді.

Бұған дейін ұйым парацетамол аутизм тудырады деген мифті жоққа шығарды

Өңірлердегі жағдай

Дамуында ерекшелік бар бала санына қатысты өңірлердегі деректер әртүрлі. Мысалы, Астана көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 288,6 адам, ал Түркістан облысында бар болғаны 46 адамды көрсеткен. Бұл – 2024 жылғы дерек.

«Мұндай айырмашылық Астанада мінез-құлық және психикалық бұзылысы бар бала саны әлдеқайда көп дегенді білдірмейді. Мәселе елорда тұрғындарының көмекке жиі жүгінуінде және мұндай жағдайлардың жалпы алғанда жиі анықталуында. Ал Түркістан облысында жағдай қиындау: ол жақта ата-аналарға баласын психологиялық-медициналық консультация кабинетіне жеткізу, жалпы көмек алу анағұрлым күрделі», – делінген зерттеуде.

Мамандардың айтуынша, елде орталықтарға бармаған, тексеруден өтпеген, аутизм деген диагноздың бар-жоғын білмейтіндер бар. Яғни, балалардың саны 30 мыңнан асуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз