Жаңалықтар

Бишімбаев ісіндегі сарапшы Bek Air апатында адамдардың неден қайтыс болғанын айтты

Халимназаровтың айтуынша, адамдардың неден қайтыс болғанын анықтау қиындық тудырмаған/коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров апатқа ұшыраған Bek Air ұшқыштарына қатысты іске шақырылды. Сарапшы 2019 жылдың желтоқсанында ұшақ апатынан қаза тапқандардың медициналық құжаттарына талдау жүргізген.

Халимназаровтың айтуынша, адамдардың неден қайтыс болғанын анықтау қиындық тудырмаған.

«Оқиғаның қалай болғанын нақты білдік. Оның ішінде ұшақтың қандай биіктен құлағаны, қозғалыс кезінде қандай кедергілер болғаны белгілі. Тергеу материалдарында бейнежазбалар ұсынылған, авиациялық апат бойынша жасалған қорытындылар бар. Мәйіттерді зерттеу, медициналық құжаттарды талдау нәтижелері де ескерілді. Ұшақ қозғалыс барысында жердегі кедергілерге соқтығысқаны нақты тіркелген, салдарынан фюзеляж бұзылған. Ұшақ белгілі бір жылдамдықпен қозғалып келе жатып, жердегі кедергіге соғылған кезде инерциялық күш әсерінен экипаж бен жолаушылардың денесі алға қарай ығысып кеткен», – деді Халимназаров сотта.

Айтуынша, ұшақ үйге соғылған тұсына жақын отырғандар мен белбеуін дұрыс бекітпегендер ауыр жарақат алған.

«Жарақаттың көбі инерциялық қозғалыс әсерінен, яғни дененің салон бөліктеріне соқтығысуынан болған. Адамдардың жарақат алуына сол соқтығысу себеп болған», – деді сарапшы.

Ал сарапшы Рахымжан Әбдікәрімовтің айтуынша, апаттан қаза тапқан және аман қалғандардың бәрі жарақатты тұрғын үй мен әуе кемесі соқтығысқан кезде алған.

Bek Air ұшағы апаты

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан елордаға шыққан ұшақ таңғы 07:22 кезінде екі қабатты құрылыс нысанымен соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шеккен. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған. Қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі Марат Мұратбаев та бар.

Екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұлов ауруханаға түсті. Алайда бір айға жуық уақыттан кейін ұшқыш үйінде қайтыс болды.

Марқұм екі ұшқышқа Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген айып тағылған. Бұл бапта әуе көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай көрсетілген

Бұған дейін марқұм ұшқыштың қызы Алина Молдақұлова тергеушілердің әрекетін «адамды азаптау» деп атады.