Әнипа Назарбаеваның контрабанда тасыған компаниясы мемлекетке 90 млрд теңге қарыз

Әнипа Назарбаеваның қытайдан котрабандалық жолмен тауар жеткізген Group of the Companies TDA компаниясы мемлекетке қомақты сома қарыз. Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметінше, бұл компания 90,3 млрд теңге салық қарызын өтеуге тиіс. Қарыз көлемі бойынша компания Қазақстандағы ең ірі борышкерлердің арасында төртінші орында тұр.
МКК дерегіне сәйкес, 1 қазандағы жағдай бойынша Group of the Companies TDA компаниясының негізгі қарызы 52,9 млрд теңгені құрайды, қалған бөлігі – өсімпұл.
Назарбаевтардың атамекені саналатын Шамалған ауылында тіркелген компания әртүрлі тауарлардың көтерме саудасымен айналысқан.
Оның тең иелері – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасы Әнипа Назарбаева және компания басшысы саналатын Әли Қылышбаев.
Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) шілде айында Алматыда Қытайдан келген тауарларды контрабандалық жолмен кіргізу және жалған шот-фактура жазу ісі бойынша айыптау үкімі шыққанын хабарлады.
ҚМА жүргізген тергеу барысында Group of the Companies TDA Қытайдан тауар тиелген 100 контейнерді заңсыз әкелгені анықталды. Компания өзіне бағынышты 10 кәсіпорын арқылы жалған шот-фактура рәсімдеп отырған.
Түрлі салық пен кедендік төлемдерді төлемеу арқылы мемлекетке келтірілген залал 10 млрд теңгені құрады. Тергеу кезінде 643 млн теңге мемлекетке қайтарылды. Сот санкциясымен 1,3 млрд теңгеге бағаланған тауар және 300 млн теңге тұратын күдіктілердің мүлкіне (жер учаскелері, көліктер) арест қойылды.
Сонымен қатар 47 серіктес компания ерікті түрде өзара есеп айырысуды тоқтатып, 240 млн теңге көлемінде салық төлеген.
Алмалы аудандық соты кінәлі деп танылған тұлғаларды 1,4 жылдан 4,6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге үкім шығарды. Бір қатысушыға халықаралық іздеуге жарияланды.