Қазақстанның бай бизнесмендері миллиардтаған салық қарызын төлемей жүр

Жарияланды
Business News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Ірі кәсіпкерлер не салық қарызын төлемей жүр/ shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Қаржы министрлігі салық берешегі 150 АЕК-тен (65,5 мың теңге) асатын және салық қарызын 4 айдан бері төлемей жүрген компаниялардың тізімін жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, 16 мыңнан аса компанияның мойнында 877 млрд теңге салық берешегі бар. Бұл соманың жартысынан астамы қарыздың өсімпұлы.

Тізім басындағы ондықта Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген, Forbes-ке енген бизнесмендерге тиесілі компаниялар тұр. Олардың басым бөлігі көтерме сауда, құрылыс, мұнай өнімдері саудасы және құмар ойын бизнесі саласында жұмыс істейді.

Қазақстандағы ең ірі салық берешегі бар компаниялардың тізімін «Ai-To Progress» бастайды. Оның мемлекет алдындағы қарызы – 110,1 млрд теңге. Компания Алматыда тіркелген, оның негізін қалаушы әрі алғашқы басшысы – Даурен Молдағалиев.

Екінші орында – Tex Alliance ЖШС. Оның берешегі 95,9 млрд теңгені құрайды, соның 17,4 млрд теңгесі – негізгі қарыз. Компания Талғарда тіркелген, меншік иесі – Азат Жанзақов.

Бұл екі компания да көтерме сауда саласында жұмыс істейді. 2022 жылы Бас прокуратура оларды Қытайдан заңсыз тауар кіргізумен айналысқан ұйымдардың тізіміне енгізді. Сол кезде компаниялар мемлекетке келтірілген залалды өтегені хабарланған.

Үшінші орында Алматыда тіркелген Alpha-bet ЖШС орналасқан, негізгі қызмет бағыты – құмар ойындарын ұйымдастыру және бәс қабылдау. Компанияның мемлекет алдындағы берешегі 92,4 млрд теңге. Жарғылық капиталының жалғыз иесі – Velora Group LTD.

Төртінші орында – Group of the companies TDA. Құрылтайшыларының қатарында Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасы Әнипа Назарбаева және Әли Қылышпаев бар. Компанияның салық қарызы – 90,3 млрд теңге. 2025 жылдың жазында Алматы соты бұл компанияға қатысты Қытайдан контрабандамен тауар өткізген іс бойынша үкім шығарды

Бесінші орында – OLIMP KZ букмекерлік компаниясы, оның берешегі 83,7 млрд теңге. Компания Алматыда тіркелген, иесі – Анарбек Жауыров.

Алтыншы орында тұрған «GB Invest» ЖШС-ның мемлекет алдындағы қарызы 46,2 млрд теңге. Компания Қаскелең қаласында тіркелген, иесі әрі бірінші басшысы – Наджиб Файез. 2022 жылы Бас прокуратура бұл компанияны да заңсыз тауар айналымына қатысы бар ұйымдардың қатарына енгізген.

Жетінші орындағы «Кастинг» ЖШС-ның қарызы 18,7 млрд теңге. Негізгі қызметі – түсті металдарды құю өндірісі. Компанияның иелері – Рашит Сәрсенов, Эдуард Креймер және Йонга Белегингсматсаппей. Forbes журналының бағалауынша, Рашит Сәрсеновтың отбасы Қазақстандағы ең бай он кәсіпкердің қатарына кіреді.

Сегізінші орында – «ҚазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны, оның қарызы 9,4 млрд теңгеге тең. Астанада тіркелген, құрылыс және бетон өндірісімен айналысады. Компанияның жалғыз иесі – «Bereke Astana Group», оның бенефициарлары – Айдар Лазаров және Бауыржан Нұрсұлтан (БАҚ мәліметінше, ол Қайрат Сатыбалдының ұлы). 2022 жылы Бас прокуратура «КазГерСтрой» жол құрылысы кезінде 43 млрд теңге жымқырды деп хабарлаған.

Тоғызыншы орында – Aktobe Smart Tech ЖШС, оның салық берешегі 5,3 млрд теңге, соның 3,8 млрд теңгесі – негізгі қарыз. Компания деректерді сақтау орталықтарын жалға беру қызметімен айналысады. Оның иелері – AQ Group Holding Limited (БАӘ) және Alageum Electric. Соңғысының бенефициарлары – Сайдулла Қожабаев пен Ержан Ильясов. Forbes Kazakhstan бағалауы бойынша, Қожабаев 215 млн доллар активімен елдегі ең дәулетті 50 бизнесменнің қатарында тұр.

Тізімді түйіндейтін компания – «БатысНефтеТрэйд» ЖШС, оның қарызы – 3,7 млрд теңге (оның 1,9 млрд теңгесі – негізгі қарыз). Компания Алматыда тіркелген, қызметі – мұнай мен газ көтерме саудасы. Меншік иесі – Берік Боранбаев.

Компания атауыАймақҚарыз сомасы
1Ai-To Progress ЖШСАлматы110,1 млрд тг
2TEX ALLIANCE ЖШС Алматы обл.95,9 млрд тг
3Alpha-bet ЖШС Алматы92,4 млрд тг
4Group of the Companies TDA ЖШАлматы обл.90,2 млрд тг
5OLIMP KZ ЖШС (букмекерлік кеңсе)Алматы83,7 млрд тг
6GB Invest ЖШС Алматы обл.46,2 млрд тг
7«Кастинг» ЖШС Алматы18,7 млрд тг
8«КазГерСтрой» БКАстана9,4 млрд тг
9 Aktobe Smart Tech ЖШС (цифрлық майнинг)Ақтөбе5,2 млрд тг
10«БатысНефтеТрэйд» ЖШС Алматы3,7 млрд тг

9 айда салық органдары 26 мыңнан аса тексеріс жүргізген. Борышкерлерден 47,8 млрд теңге қарыз өндірілсе, 211 млрд теңге салық қайта есептелген.

Сондай-ақ оқыңыз