Жаңалықтар

Кәсіпкерлер кредитті шетел валютасымен алып жатыр

Фото: .kursiv.media

Қазақстандық кәсіпкерлер кредитті теңгемен емес, доллармен алып жатыр. Қыркүйек айында бизнеске шетел валютасында берілген несие 238,9 млрд теңгеге өсіп, 5,19 трлн теңгеге жеткен. Бір айлық өсім 4,8%-ды құрайды.

Бұл – жыл басталғалы тіркелген ең жоғары айлық көрсеткіш. Осы ретте экономист Руслан Сұлтанов мұндай көрсеткіш кездейсоқ емес екенін айтады.

«Қаржы нарығында айқын девальвациялық қысым жоқ, теңге бағамы салыстырмалы түрде тұрақты тұр. Соған қарамастан валютамен берілген кредиттің күрт өсуі – ірі сыртқы келісімдердің жабылуымен, сыртқы сауда белсенділігінің маусымдық жандануымен және валютамен қаржыланатын жобалардың іске қосылуымен түсіндіріледі. Бұл жобаларға, мүмкін, БРК қатысқан болуы ықтимал», – дейді сарапшы.

Сонымен бірге, ұлттық валюта – теңгемен берілетін бизнес кредиттері де артты: қыркүйекте өсім 1,8% немесе 213,9 млрд теңгені құраған.

Қазіргі кезде банктер 41,6 трлн теңге кредит берген. Соның 17,6 трлн теңгесі бизнес алған несие болса, халық банктерге 24 трлн теңге қарыз.