Жаңалықтар

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 26 трлн теңгеге жуықтады

ЕНПФ
Зейнетақы қорындағы қаржы 25,7 трлн теңгеге жетті / Фото: Аскар Ахметуллин

2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинағы көлемі 25,73 трлн теңгеден асып, бір жыл ішінде 4,56 трлн теңгеге немесе 21,5%-ға өсті. Зейнетақы активтерінің өсуіне міндетті жарналарға түсімдердің артуы және инвестициялық кірістің оң нәтижесі себеп.

Зейнетақы жинағының құрылымы қандай

Негізгі үлесті міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) құрайды. 2025 жылдың 1 қазанында олардың көлемі 24,40 трлн теңгеге жетіп, жылдық өсім 19,8%-ды көрсетті.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) 726,94 млрд теңге болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,6%-ға көп.

Ең жоғары өсім ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен байқалды. Азаматтардың өз бастамасымен салатын ЕЗЖ көлемі бір жылда 32,8%-ға өсіп, 9,47 млрд теңгені құрады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да айтарлықтай серпін көрсетті: 2025 жылдың 1 қазанына дейін 596,18 млрд теңге жинақталды.

Түсімдер динамикасы

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында салымшылардың шоттарына 2,37 трлн теңге зейнетақы жарнасы түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға немесе 356,75 млрд теңгеге көп.

Биылғы 9 айда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төлемдер мен сақтандыру компанияларына аударымдардың жалпы көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп (өсім – 508,31 млрд теңге).

Төлемдердің басым бөлігі – азаматтардың зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту және ем-домға пайдаланатын біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ). Ол 823,82 млрд теңгені құрады.

Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер де артты: 12 айда 23,43%-ға көбейіп, 181,81 млрд теңге болды. Зейнет жасына жеткен азаматтарға БЖЗҚ-дан кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем мөлшері 35 691 теңгені құрады.

Зейнетақы жинағының табыстылығы қандай

25,7 трлн теңге жинақтың 25,6 трлн теңгесі Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында. Жеке басқарушы компаниялар 74,2 трлн теңге активті басқарады.

2024 жылдың қазанынан бастап 2025 жылдың қыркүйегіне дейін соңғы 12 айда шамамен 3,11 трлн инвестициялық кіріс түскен. Пайызбен алғанда осы кезеңдегі кірістілік – 14,11%, ол 12,9 жылдық инфляциядан сәл ғана асады.

«Зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестициялар. Сондықтан, инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған жөн. Жекелеген кезеңдерде шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығына, қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне, сондай-ақ инфляцияның ықпалына байланысты кірістіліктің төмендеуі байқалуы мүмкін», – делінген БЖЗҚ түсіндірмесінде.

Қазақстандықтардың ай сайын зейнетақы қорына аударатын 10% жарнасы зейнет жасына жеткенде күнкөріске жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан сарапшылар зейнетақы жүйесін өзгертуді ұсынған. БЖЗҚ-ның жылдық есебінде сарапшылардың ұсынысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданғаны жазылған.