
Мәжілісте тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Құжатты қорғау үшін ортаға Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов шықты.
Заң жобасы нені көздейді
Аймағамбетовтің сөзінше, ұсынылған заң жобасы – Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасының нақты орындалуы. Бұл – депутаттар мен ғалымдардың бірлесіп жасаған ортақ еңбегі. Саладағы негізгі проблемалар мен оларды шешуге бағытталған нормаларға тоқталған депутат бірінші мәселе – лицензиялау жүйесінің тиімсіздігі екенін айтты. Сөзінше, бүгінде археология саласында лицензиялар мерзімсіз және ескерткіштің барлық түрімен жұмыс істеуге бірдей беріледі. Мысалы, ұйым бір рет лицензия алса, одан кейін оның мамандары бар ма, біліктілігі жеткілікті ме – ешкім оны тексермейді. Сол лицензиямен ол өмір бойы, еш шектеусіз, еш міндеттемесіз мәдени мұрамызбен жұмыс істей береді.
Тағы бір проблема – археологиялық және реставрациялық жұмыстарға, бір ғана лицензияның берілуі. Формалды түрде оның жеке санаты болғанымен, іс жүзінде ол осы екі саланың айырмашылығын толығымен ескермейді. Соның кесірінен реставраторлар қазба жұмыстарымен, ал археологтар реставрациямен айналысып жүрген фактілер бар.
«Нәтижесінде – сапасыз қазбалар, бүлінген ескерткіштер. Енді бұл жүйе өзгереді. Біз ӘДІЛ лицензиялау жүйесін енгіземіз. Енді екі бөлек лицензия болады – археологияға бөлек лицензия, реставрацияға бөлек. Лицензияның нақты мерзімі болады – 5 жыл. Әр лицензия үшін арнайы біліктілік талаптары енгізіледі. Егер заң талаптарын бұзса, олардың лицензиясын 6 айға дейін тоқтату немесе тіпті қайтарып алу туралы нормасын да енгіздік. Бұл – саланы тазалап, нағыз мамандарға жол ашатын шешім», – дейді ол.
Археологиядағы хаос
Заң жобасында Аймағамбетов археология саласындағы деректер хаосын атап өтті. Кім, қай жерде, қандай қазба жұмыстар жүргізді? Не табылды? Ғылыми әдістемеге сәйкес пе? Оның есебі – толық белгісіз. Мемлекетке толық әрі сенімді ақпарат жетпейді. Тек ескерткіштер тізімінің өзі қазір 42 тізімдерде шашыраңқы түрде. Ал қазба жұмыстары бойынша, есептерді ешкім ешқайда өткізбейді. Яғни қазбалар бар, бірақ есептер жоқ. Табылған жеке жәдігерлер бар, бірақ жаппай жәдігерлер мен материалдар жоқ. Нәтижесінде кейбір ескерткіштер қайта-қайта зерттелінсе, енді біреулері мүлде қараусыз қалып, жойылып кетіп жатыр.
«Біз осы жүйесіздікті тоқтатып, археологиялық жұмыстардың толық цифрлық жүйесін енгіземіз. Кім, қай жерде нені қазып жатыр? Қалай қазып жатыр? Не табылды? Қазбаның есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтар тізімі – енді осының барлығы бір цифрлық жүйеде болады. Бұл жүйе саланы ашық қылып, есептілік пен тәртіпті орнатады», – дейді депутат.
Бірыңғай ғылыми үйлестірудің болмауы
Қазір археологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыда бақылайтын, үйлестіретін нақты мекеме жоқ. Кім қалай істеймін десе, солай істейді – біреуі музеймен, біреуі әкімдікпен, біреуі жеке өз бетімен әйтеуір білгенін істеп жүр. Соның салдарынан ретсіздік, қайталау, бақылаусыздық бар.
«Мәселені қалай шешеміз? Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында енді Ұлттық археологиялық қызмет құрылады. Бұл қызмет –нағыз археологиялық «ми орталығы» болады. Ол енді қазба жұмыстарына мониторинг жүргізеді, ғылыми сараптама жасайды, бірыңғай ақпараттық жүйені басқарады және археологтарға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді. Қай кезеңді, қандай ескерткіштерді зерттеуіміз қажет деген сұрақтарға да жауап беруге қауқарлы», – деді депутат.
Жәдігерлерді сақтау жүйесі жоқ
Төртінші мәселе – табылған жаппай жәдігерлер мен материалдарды сақтау жүйесінің жоқтығы. Археологтар жаппай жәдігерлерді табады, бірақ кейін сол табылған дүниелер қайда кетеді, қайда тапсырылады – біркелкі жүйе жоқ. Бірін сөрелерде шаң басып жатыр, бірі жоғалып кеткен, ал бір бөлігі есепке алынбаған.
«Енді біз археологиялық материалдардың Мемлекеттік қорын жасаймыз. Музейлік құндылығы бар жеке жәдігерлер – музейге беріледі заңда бекітелгендей. Ал жаппай жәдігерлер мен табылған материалдар – депозитарийде, ғылыми ортаға ашық, қауіпсіз жағдайда сақталады. Бұл шешім – археологиялық мұраның сақталуына мүмкіндік береді», – деді ол.
Асхат Аймағамбетов қазбадан кейін археологиялық объектіні өз кейпінде сақтау мен айналасын қалпына келтіру мәселесі маңызды екенін айтты. Сөзінше, кей археологиялық жұмыстардан кейін қазба орны жабылмайды, рекультивация толығымен жасалмайды, тіпті ескерткіштердің өзі бүлінеді. Жобада әрбір археолог қазбадан кейін жерді қалпына келтіру туралы, яғни консервация-рекультивация жұмыстарын жүргізу бойынша талаптар нақтыланады.
Даму мен мұраны сақтаудың қақтығысы
Бүгін жол, су қоймасы, электр желісі сияқты құрылыс жұмыстары кейде ескерткіштер орналасқан жерлерден өтеді. Бұл ескерткіштер жоғалмау үшін, алдын ала экспертиза жүргізілуі тиіс. Бірақ қолданыстағы ережелерге сәйкес, археологиялық жұмыстар тек жоспарға сай ғана жүргізілуі мүмкін. Мамандардың айтуынша бекітілген жоспарда бүгін 70 жуық қазбалар болса, расында 300 жуық қазбалар жүріп жатыр. Яғни оның көбі есепке алынбаған, бақылаудан да тыс қалуда. Сондықтан қолданыстағы механизм, бір жағынан қажетті құрылысты тежесе, екінші жағынан уақытылы ескерткіштерді зерттеп, оларды сақтап қалуға кедергі жасайды.
«Біз археологиялық жұмыстарды енді екіге бөлеміз: жоспарлы – ғылыми зерттеу үшін және превентивті – құрылыс алдында, алдын ала экспертиза және шұғыл қазбаларды жүргізу үшін. Бұл бизнеске де, инфрақырұлымдық жобаларды тезірек іске асыруға да, және мәдени мұраны сақтап қалуға мүмкіндіндік береді», – деді ол.
Заңсыз қазбалар
Депутаттар тек ескерткіштерді емес, сонымен бірге тарихи құндылығы жоғары жәдігерлерді де жоғалтып жатырмыз дейді. Құнды заттар шетелге кетіп, «қара нарықта» сатылып жатыр. Көп жағдайда оларды металл іздегіштер мен арнайы құрылғылар арқылы тауып алады.
«Бұл – тарихи мұрамызды тонаудан, қорғауға бағытталған нақты қадам деп ойлаймыз. Дегенімен әлі де талқылауды қажет ететін бірнеше мәселе бар», – дейді Аймағамбетов.
Сондықтан заң жобасында металл іздегіштер мен осындай құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тікелей тыйым салу ұсынылған.