Үкімет «ел үшін» дейді, шаруа бармағын тістейді: ет экспортын шектеген дұрыс па

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылдың соңына дейін сиыр еті экспортын шектеуді ұсынды. Ведомство осы арқылы «сиыр еті бағасының тұрақтылығын сақтағысы» келеді. Әйтсе де, бұл саясат малмен күн көріп отырған ауылдағы қарапайым азаматтардан бастап, ірі фермалары бар кәсіпкерлердің мүддесімен қаншалықты үйлеседі? Тауар атаулының бәрі қымбаттап жатқанда мемлекет араласқан соң олар ет бағасының өзіндік құнын жоғалтып алмай ма? Жалпы бұл шешім жайлы Қазақстан Ет одағының басшысы не дейді? Kursiv.media тілшісі осы мәселеге тереңірек үңіліп көрді.
Министрліктің аргументі қандай?
Ауыл шаруашылығы министрлігінен тараған құжат жобасы бойынша (Ірі қара мал етін (сиыр етін) Қазақстан аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы) 2025 жылы 31 желтоқсанына дейін ет экспортына сандық шектеулер (квота) енгізу қарастырылған. Шектеу енгізілетінін үкімет те мәлім еткен.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны ішкі нарықты қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін, сиыр еті бағасының тұрақтылығын сақтау деп көрсетеді. Яғни, сыртқа шығатын сиыр еті тонналап көбейіп кете ме деп сақтанады. Көрші елдерде (әсіресе, Өзбекстан, Тәжікстан) ірі-қара еті қымбаттаған тұста Қазақстаннан ет осы қарқынмен көптеп сатыла берсе, баға үйлесімін бұзады деп санайды. Сондықтан уақытша квота арқылы ішкі нарықты қорғағысы келеді.
Министрлік бұл шектеу толық тыйым емес екенін де еске салады. Квота арқылы сенімді экспортшылар мен келісімшарттарды сақтауға мүмкіндік бере отырып, «реттеу» екенін айтады. Яғни, бұған дейін шет мемлекеттерден міндеттеме алған компаниялар өз келісімдерін орындап, сыртқы нарықпен жұмысын жалғастыра алады.
Ведомствоаралық комиссияның шешімі және құжаттың ашық талқылауға шығарылуы – шараның барлық мүдделі тараппен қаралатынын көрсетуге бағытталған қадам. Алайда мұндай шектеулер қысқа мерзімде бағаны ұстап тұрғанымен, фермерлер мен ет өңдеушілердің экспорттық табыстарын қысқартуы ықтимал. Кедендік, ветеринариялық есеп-қисап жүйелері күшейтілмесе, шекаралас өңірлерде «көлеңкелі экспорт» күшеюі әбден мүмкін.
Агросаланы мемлекет қолдады, бірақ проблемалар әлі де бар
Кейінгі он жылда Қазақстан агросалада ішкі өндірісті ынталандыру, ірі және ұсақ мал басын көбейту, өңдеу кәсіпорындарын қолдау және экспорттық нарықтарды кеңейту жағынан түрлі бағдарлама қабылдады. Субсидиялардың түр-түрін бөліп, «Сыбаға» сынды бағдарламалар арқылы асыл тұқымды мал басын көбейтіп, жем-шөп базасын нығайтуға, өңдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялар құйылды. Осы саясат нәтижесін берді, мал басы өсті. Ірі-қара саны 9,6 миллионға, ұсақ мал (қой-ешкі) басы 26,3 миллионға жетті. Өңдеу қуаты кеңейе бастады. Алайда экспортқа бағытталған логистика мен сертификаттау жүйелерінде әлі де кемшілік бар. Шет мемлекеттердің етті сатып алудағы түрлі сертификат талаптарына сай болуы қажырлы еңбекті талап етеді.
Мал иесіне бастысы табыс керек. Сойып сатса да, тірідей өткізсе де еңбегінің жемісін көргісі келеді. Екіншіден, бүкіл тауар, азық-түлік атаулы қымбаттап жатқан кезде «мен неге мал етінің келісін қымбаттатпауым керек» деген ой тағы бар. Сол себепті мал етінің бағасын шектейтін министрліктің бұйрығын олардың қолдай қоюы екіталай. Бірақ шаруаның малы мен түпкі тұтынушының ортасында пысық делдал көп. Жақында Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Парламент қабырғасында осы мәселені көтерген.
Сауда және интеграция министрлігі делдалдардың үстінен 700-ге тарта әкімшілік іс қозғадық деп ысырыпсалма жауап берді. Мал еті өңделгеннен кейін шетке сатылса, бәрі де табысқа кенелер еді. Бірақ Қазақстанға көрші мемлекеттердің ешқайсысы өңделген өнімді сатып алғысы жоқ – малды да, бидайды да Қазақстаннан шикізат күйінде сатып алып, өзіне қайтадан өнім ретінде сатады.
Биыл ет бағасы қаншалықты қымбаттады
2025 жылы ет бағасының өсімі сауда саласындағы басты тақырыптардың біріне айналды: ресми статистикаға сәйкес, ет пен ет өнімдерінің бағасы бір жылда 11 пайыз шамасында қымбаттаған (әртүрлі есептерде – 11-19% аралығы туралы да ақпараттар бар). Сиырдың бір келі етінің орташа бағасы өңірлерде шамамен 3100-3500 теңгеге дейін көрсетілді.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкіметтегі брифингте мұның екі факторын атады. Оның сөзінше, біріншісі – жаһандық проблема. Әлемдік ірі өндірушілер – Бразилия, Аргентина секілді елдердегі көлемдердің өзгеруіне байланысты ет бағасы қымбаттаған.
«Екіншіден, көршілес елдерде еттің бағасы әлдеқайда қымбат, сондықтан өнім сол жаққа көптеп кетіп жатыр, үлкен нарықтық сұраныс бар. Біз, министрлік ретінде, бұл жағдайды бақылап, бірқатар шараларды, соның ішінде сыртқы саудаға қатысты бастамаларды қолға алдық, ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз керек», – деді ол Үкіметтегі брифингте.
Еттің келісі кейбір өңірде 4 мың теңгеге жеткен тұста Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «ет енді қымбаттамайды» деді.
«Елімізде мал басы 17% өсіп жатыр. Бұрын 7 млн 900 мың бас болса, қазір 8 млн 700 мыңға жетті. Өсу құнын айтатын болсақ, бұрын малдың тірідей бағасы – 1200-1500 аралығында болатын, қазір 1700-1800-ге дейін өсті. Өйткені дәрілеуі, суы, жемі бар. Ет күйінде баға 200-300 теңгеден 500 теңгеге дейін өсуі мүмкін, одан ары қарай өспейді. Фермерлердің өткізіп жатқан орташа көтерме бағасы 3200-3500 теңге аралығында, ары қарайғы баға нарықтағы сатушыларға байланысты», – деп атап өтті министр.
Сарапшы не дейді
Сиыр еті қымбаттаған тұста сарапшылар түрлі БАҚ-қа сұхбат беріп, мұның себебі мен салдарын талқылаған. Қазақстан Ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев Форбс басылымына берген сұхбатында негізгі себеп – аграрлық саясаттағы сабақтастықтың болмауы деп қарайды.
«Әрбір жаңа министр жүйені өз қалауынша қайта құрады, макроэкономикалық факторларды ескермейді. Жоспарлау көкжиегі үш-төрт жылмен шектеледі – ол қызметте отырған уақытында ғана. Кейін жаңа ережелер мен жаңа басымдықтар пайда болады», – дейді ол.
2010 жылы Қазақстан етті мал шаруашылығын белсенді түрде дамыта бастады. Бордақылау алаңдары мен ет комбинаттары салынды. Асыл тұқымды мал әкелініп, жылдық 4% мөлшерлемемен 15 жылға несие беретін «Сыбаға» бағдарламасы жұмыс істеді. 2018 жылға қарай еліміз шамамен 60 мың тонна тірі мал мен ет экспорттаған. Терең өңдеуге инвестиция салуға дайын әлемдік ірі компаниялар да нарыққа қызығушылық танытқан.
Сарапшы 2019 жылдан бастап Үкімет тірі мал экспортына тыйым енгізгенін айтады. Ол әлі күнге дейін күшінде. Соның салдарынан сұраныс күрт төмендеп, сатып алу бағасы құлдырады, шаруалар қарыздарын өтеу үшін малды жаппай союға мәжбүр болды. Бес жыл ішінде ірі қара малдың 25%-ы сойылды, ал фермерлердің үштен бірі шаруашылықтарын жапты. Осы арқылы ет бағасы төмен деңгейде ұсталды, бірақ енді бұл саясаттың салдары – тапшылық пен бағаның күрт өсуі түрінде байқалып отыр.
Енді Қазақстан Үкіметі сиыр етін экспорттауға квота енгізгелі отыр. Мақсұт Бақтыбаевтың пікірінше, бұл қадам экспортты одан әрі шектеп, саланы «тұншықтыра» түседі. Ет одағының төрағасы атап өткендей, көршілес елдермен ұзақмерзімді келісімдер жасау орнына Қазақстан тағы да шектеу тетіктеріне жүгінген: квоталар, баж салығы, мал, картоп, жұмыртқа, пияз немесе күнбағыс экспортына тыйымдар салына бастаған.