Жаңалықтар

Қайрат Шайхиев Kursiv.Media-ның бас редакторы болып тағайындалды

Қайрат Шайхиев – Қазақстанның ірі БАҚ-тарында 17 жылдан астам уақыт табысты еңбек етіп келе жатқан білікті медиаменеджер әрі редактор. Оның редакциялық процестерді ұйымдастыруда, цифрлық стратегияларды дамытып, тиімділігі жоғары командаларды құруда тәжірибесі мол.

Ол әр жылдары Тұңғыш Президент Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында Әлемдік экономика орталығының сарапшысы, КТК телеарнасы интернет бөлімінің басшысы, 8 жылдан астам уақыт Zakon.kz сайтының жетекшісі, Inbusiness.kz сайтының директоры қызметтерін атқарған.

Қайрат Шайхиевтің жетекшілігімен Zakon.kz сайты жылдың үздік жаңалықтар порталы ретінде «Үркер» ұлттық сыйлығын екі мәрте иеленді. Ал жобалардың қаралымы бірнеше есе артты. Ол іске қосқан Sportarena.kz жобасы алғашқы тоқсаннан кейін-ақ Қазақстанның үздік үш спорт сайтының қатарына кірді

«Біз Kursiv Media қатарына мықты редактор ғана емес, табысты медиаменеджер қосылғанына қуаныштымыз. Оның тәжірибесі мен медиа нарықты терең түсіне білетіні Kursiv Media-ның одан әрі дамуына, позициямызды нығайтып, аудиторияны кеңейтуге, ықпалымызды күшейтіп, бізге сілтеушілерді арттыруға қуатты катализатор болмақ. Кайрат Шайхиевтің басшылығымен басылым контент сапасын жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз», – деді Kursiv.Media бас директоры Анастасия Новикова.

«Курсив – үлкен тарихы бар, аудитория арасында жоғары сенімге ие күшті бренд. Мұнда елде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын кәсіби мамандар қосыны топтасқан. Менің мақсатым – басылымды заманауи, танымал және пайдалы ете түсу. Оқырман мұнда жаңалық үшін ғана емес, болып жатқан оқиғаларды түсіну үшін де бас сұққанын қалаймын», – деп атап өтті Қайрат Шайхиев.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Kursiv.Media Қазақстандағы ең көп қаралатын БАҚ-тардың қатарына кірді. 2025 жылдың жазында Kursiv.Media командасы Қазақстан кеншілерінің өмірі мен жұмысы туралы видеорепортажы үшін «Алтын Гефест» байқауының лауреаты атанып, «Курсив» газетінің бетінде жарық көрген жұмыс European Newspaper Award сыйлығына лайық деп танылды. Сонымен қатар басылым журналистері Қазақстан Журналистер одағының, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Өңірлік коммуникациялар қызметінің сыйлықтарымен марапатталып, Парламент журналистикасын дамытудағы үлесі үшін Парламент сыйлығын иеленді.