Бектенов Трамптың арнайы өкілі және АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Олжас Бектенов Трамптың арнайы өкілі және АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті / Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов АҚШ президентінің арнайы өкілі Серджио Гормен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Үкімет баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстан шетелдік, соның ішінде америкалық бизнес үшін де қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді.

«Ұлттық банк мәліметінше, 1993 жылдан бері АҚШ-тан тікелей инвестициялардың жалпы ағыны шамамен $61,2 млрд-ты құрады, бұл Қазақстандағы тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы көлемінің 13%-ынан асады. Соңғы бес жылда өзара сауда көлемі екі есеге артып, $4,2 млрд-қа жетті», – делінген Үкімет хабарламасында.

Кездесу барысында тараптар сауда байланыстары мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Көлік-транзит саласындағы жаңа түйісу нүктелеріне назар аударылды. Энергетика секторында бірлескен жобалар шеңберінде озық технологияларды жаңғырту мен енгізудің маңыздылығы атап өтілді.

Қазақстан әлемдегі астық пен ұнды ең ірі экспорттаушылардың ондығына кіретіні айтылып, астықты терең өңдей отырып, одан әрі АҚШ, ЕО, Қытай және Үндістан нарықтарына экспорттау бойынша бірлескен жобалар талқыланды.

«Цифрлық индустрия және ЖИ технологиялары саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету басым бағыт болып айқындалды. Оған аймақтағы басты алаң ретінде Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы алынып отыр. Ол Apple, Google және тағы да басқа алпауыттарды қоса алғанда әлемдегі жетекші технологиялық компаниялардың басын біріктіреді. Еліміздің цифрлық экожүйесінің маңызды элементі – Astana Hub, онда бүгінде 1700-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Калифорния штатында (АҚШ) Қазақстан Silk Road инновациялық орталығын ашты. АҚШ-тың жетекші компанияларымен және жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып ҚР мен АҚШ арасындағы технологиялық әріптестікті нығайтатын акселерациялық бағдарламалар жүзеге асырылуда», – делінген хабарламада.

Кездесу қорытындысында қатысушылар барлық перспективалы бағыттар бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін растады.

Сондай-ақ оқыңыз