Ұлытау облысында полицейлер өрттен үш баланы алып шықты

Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында түнгі кезекшілікте жүрген полицейлер өртеніп жатқан үйден үш баланы аман алып шықты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, түнгі сағат екі шамасында көппәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтер өртенген. Осы уақытта қала көшелерін күзетіп жүрген Әсет Әбдуақитов пен Нұрболат Нұрғабыл пәтер терезесінен жалынның жарылып жатқанын байқап, оқиға орнына келді. Оларға әйел жүгіріп келіп, пәтерде үш кішкентай бала қалғанын айтқан.

«Тәртіп сақшылары еш кідірместен пәтерге кіріп, төсектің астынан бір баланы тауып, қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Бірінші баланы құтқарғаннан кейін, олар екінші бөлмеге кіруге тырысқан, бірақ төбені шарпыған от ішке өтуге мүмкіндік бермеген. Содан полицейлер сыртқа шығып, терезенің торын жұлып алып, қалған екі баланы терезе арқылы шығарып, аман алып қалған», – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшыларының жылдам әрекетінің арқасында ешкім зардап шекпеген. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды тоқтатқан.