«Тірідей табытқа жатып, өзін көмген». Депутат пранкерлерді жөнге салуға шақырды

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев пранкерлерді жөнге салуға шақырды. Бұл жайлы ол депутаттық сауалында жазған. Депутаттың сөзінше, блогерлер пранк жасап жүріп адамның жеке өміріне қол сұғады, қоғамдық тәртіпті бұзады.
«Қазір қоғамда пранкпен парақшасындағы лүпілдің санын арттырғанмен, парасат биігінен омақаса құлағандар қаптап кетті. Адамды қорқытуды, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп әзілдің шекарасынан шығып кеткен әркімдер әлеуметтік желіде әлек салуды доғармай тұр. Жуырда бір блогердің тірідей табытқа жатып, өзін көміп, «24 сағат табытта» атты челлендж бастағанын қоғам қатаң сынға алды», – деп жазады депутат.
Нартай Сәрсенғалиев депутаттық сауалында ЖИ-дің көмегімен жасалатын пранк туралы да айтады.
«Қазір пранк деген парықсыз әрекеттің тағы бір түрі пайда болды. Ол жасанды интеллектімен жасалады. Бірінде мемлекет басшыларының, лауазымды тұлғалардың қандай да бір дүкенге сауда жасауға келгені бейнеленген. Цифрлық технологияны білмейтін адамның санасы сан саққа жүгіреді, сеніп қалады. Маркетинг үшін деп жасанды интеллект арқылы мұндай жасандылыққа жүгінуді тоқтату керек», – дейді ол.
Осыған орай депутат пранкерлерді жөнге келтіру үшін бірнеше ұсынысын айтқан:
- Пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзған, жеке адамның өміріне қол сұққандарды анықтап, олардың бірыңғай тізімін жасап жариялау.
- Қауіпті пранк арқылы адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққандардың әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау;
- Әлеуметтік желі әкімшілерінен қауіпті пранктер мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға жедел хабарлауды талап ету қажет;
- Мұндай теріс құбылыстың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде, нәтиже беретін контент ретінде жүргізу керек.
Бұған дейін Қытайда, Өзбекстанда пранк түсіргені үшін полицияға шақырылған блогер Аружан Айбекова туралы жазған едік. Ол қоғамдық орындарда адамдарға жақындап, рұқсатсыз қолынан ұстап, тіпті кейбірінің заттарын ауыстырып қояды. Көпшілік оны сынға алғаннан кейін блогер ондай пранк түсірмейтінін айтқан.