«5 млн теңге сыйақы». АҚШ азаматы Алматыда баласын жасырған экс-әйелін таппай жүр

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: Kursiv.Media

Бір жыл бойы баласын таба алмай жүргенін айтқан АҚШ азаматы Гарро Гийом Қазақстанда жасырынып жүрген экс-әйелінің қайда екенін айтқандарға 5 млн теңге сыйақы беруге дайын. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз жиынында айтылды.

«Бала толық изоляцияда отыр»

Америка азаматының мүддесін қорғайтын адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, Гарро Гийом қыркүйек айында Қазақстанға келіп, экс-әйелі Сана Гарро Онаеваның өкілдерімен сотта кездескен. Ол ұлы аутизммен ауыратынын, оған медициналық күтім, балабақша қажет екенін айтып шағымданған.

«Сотта Сананың өкілдері бала ешқандай білім беру мекемесіне бармайтынын айтты. Оны ешнәрсемен түсіндірмейді, бала толық изоляцияда отыр», – дейді қорғаушы.

Сот баланың медициналық ем алмай жатқанын, мектепке дейінгі білім беру мекемесіне бармай, қатарластарымен байланыс орнатпағанын ескеріп, әкесінің пайдасына шешім шығарған. Анасы өзінің әрекетімен аутизммен ауыратын ұлына зиянын тигізіп жатыр деп танылған. Бірақ Гарро Гийом сотта жеңіп шыққанымен, ұлымен кездесе алмаған. Экс-әйелі де, оның өкілдері де байланысқа шықпай қойған.

Адвокаттың сөзінше, қазір Алматы полициясы Сана Гарро Онаеваға іздеу жариялаған. Әзірге оның қайда жүргені туралы ақпарат жоқ.

Kursiv.Media Алматы қаласы полиция департаментіне хабарласып, Онаеваға қатысты ақпарат алмақ болған, алайда департамент тарапынан жауап болмады.

Сәтсіз неке

Гарро Гийом Жозеф бұған дейін де Қазақстанға келіп, журналистерге жағдайын айтқан. Сөзінше, бұрынғы әйелі, Қазакқстанның тумасы Сана Гарро Онаевамен 2020 жылы АҚШ-та үйленген. Үш жылдан кейін әйелінен зәбір көргендіктен, сот арқылы ажырасады. Сот Санаға Гийомға жақындауға, зорлық көрсетуіне тыйым салған. Ал екеуінен туған екі жасар Максимиленді әкесіне қалдыру туралы шешім шығарады.

Бірақ Сана Онаева баласымен Қазақстанға келіп, осы жерде тұрақтап қалады. Баласын әкесіне қайтарудан бас тартады. 2024 жылы АҚШ соты Сананы заң бұзғаны үшін қамауға алу туралы қаулы шығарды. Сол жылы күзде Қазақстан соты да Сана ұлы Максимиллиан Гарроны заңсыз ұстап отыр деп, әкесіне қайтару қажет деген шешім шығарады.

Бірақ сол уақыттан бері Сана толығымен байланысқа шықпай, сот процестеріне қатысуды қойған. Оның орнына жиынға өкілдері келіп жүрген.

Kursiv.Media Онаеваның өкілдеріне шығып, мәселеге қатысты пікір алуға тырысқанымен, олардан жауап болмаған.

Сондай-ақ оқыңыз