Қытайда блогердің медицина, заң жайлы контент жасауы үшін дипломы болу керек

Қытайда блогерлерге арналған жаңа заң күшіне енді. Енді медицина, заң, білім беру немесе қаржы тақырыптарында контент жасау үшін ресми біліктілік яғни диплом, кәсіби лицензия немесе сертификат болуы тиіс. Бұл жайлы Қытайдың Киберкеңістік әкімшілігі (CAC) хабарлаған.
Жаңа ереже 25 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді. Енді Douyin, Bilibili және Weibo сияқты платформалар блогерлердің осы талаптарды орындауын өздері бақылайды. Сондай-ақ контент авторлары өз кеңестері мен пікірлерін қандай зерттеулерге сүйеніп жазғанын көрсетуге міндетті.
CAC мәлімдемесінде бастаманың мақсаты желідегі жалған ақпаратпен күресу және қолданушыларды зиянды кеңестерден қорғау деп түсіндіреді.
Алайда сыншылардың пікірінше, бұл заң шығармашылық еркіндік пен сөз бостандығын шектеуі мүмкін. Олар тек жалған ақпаратты ғана емес, тәуелсіз пікірлер мен сынға толы талқылауларды да бұғаттауы ықтимал деп қауіптенеді.
Қазақстанда мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев пранк жасайтын блогерлерді жөнге салуды шақырды. Ол қауіпті пранк жасағандардың парақшасын дереу бұғаттауды ұсынады.