Дәрігерден Forbes тізіміндегі кәсіпкерге дейін: «Олимп» зертханалары кімге тиесілі?

Биыл 8 қазанда Forbes Kazakhstan 2025 жылғы «Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені» рейтингін жариялады. Ықпалды кәсіпкерлердің тізіміне кәсіпкер Ерлан Сүлейменов қосылды. Ол – ОЛИМП клиникалық-диагностикалық зертханаларының негізін қалаушы бизнесмен. Кардиолог болғысы келген дәрігер қалай Forbes тізіміндегі кәсіпкерге айналды? COVID пандемиясы Сүлейменов бизнесінің одан әрі табысты болуына қаншалықты әсер етті? Kursiv.Media материалында ұсынамыз.
Ерлан Сүлейменов – «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің құрылтайшысы және бас директоры. Сондай-ақ медициналық жабдықтар мен химиялық реагенттер сатумен айналысатын «Meditec» ЖШС, «Мырза-хан» мен «Аймақтық диагностикалық орталық» ЖШС-ның (Алматыдағы диагностикалық орталық) иесі.
Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша 2025 жылғы мамырдағы Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингісінде 75-орында тұр. Дәулеті 90 млн доллар деп бағаланған.
Қарапайым дәрігерден кәсіпкерлікке
Ерлан Сүлейменов мансабын дәрігерліктен бастаған. 1997 жылы сол кездегі Ақмола мемлекеттік медицина академиясын «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп, ары қарай жалғастырмақшы болады.
«Анам кардиолог еді, сол кісі тәрізді дәрігер болуды армандадым», – дейді ол бір сұхбатында. Бірақ сол кездегі оқу жүйесіндегі өзгерістерге байланысты жалпы терапия дәрігері ретінде білімін жалғастырады. Бір жылдан соң өзінің саласы емес екенін түсініп, бизнеске ауысады.
Тоқсаныншы жылдары Сүлейменов Ресейден диагностикалық жабдықтар әкеліп, сата бастайды. Кәсібін жүргізу үшін туыстарынан 2000 доллар қарыз алады. Жинаған ақшасына 2004 жылы Астанадан «Тыныс» атты алғашқы медициалық орталығын ашады. Бизнесімен қатар, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеп, медициналық техника жеткізумен айналысады.
Ал үш жылдан кейін Астанада алғашқы клиникалық-диагностикалық зертхананың негізін қалайды.
Неге «Олимп» деп аталған?
«Олимп» алғашында шағын зертхана болды. Биохимиялық зерттеулер жүргізу үшін OLYMPUS AU400 атты анализаторды пайдаланатын. Қызметкерлердің бірі зертхананы сол құралдың атауымен сәйкестендіруді ұсынып, «Олимп» деп аталады.
2000- жылдары зертхана нарығы заңды түрде реттелмеген еді, ол «Олимптің» тез кеңеюіне жақсы «көмектесті».
«Бізде тіпті зертхана құру үшін санитарлық ереже мен нормалар да бекітілмеген еді. Зертханалық диагностика жүргізуге лицензия алып, кез келген жерден аша салуға болатын. Сондықтан біз тез дами түстік», – дейді Сүлейменов.
Сол 2007 жылы Астанадан кейін Қарағанды, Ақтөбе, Петропавл және Өскеменде «Олимп» зертханалары ашылады. Бүгінде желінің ел бойынша 27 клиникалық зертханасы және биоматериал алатын 600-ден астам процедуралық кабинеті бар.
Мемлекеттік тапсырыстың жартысын иеленеді
Мемлекеттік емханаларда да зертханалар бар. Бірақ ондағы жабдықтардың ескіргені және менеджмент жүйесінің әлсіз болғандығы себептен жекеменшік зертханалармен үлкен бәсекеге түсе алмайды. Мұны «Олимп» те жақсы пайдаланады. Желі мемлекеттік сектормен жақсы дос және осы «достығының» арқасында пандемия кезіне жақсы пайдаға кенелді (ол туралы алдағы бөлімде)
2021 жылы Forbes басылымына берген сұхбатында Сүлейменов мемлекеттік тапсырыстың 50%-ын иеленетінін айтқан. Яғни мемлекеттік емханалар сынама тапсыру үшін «Олимп» зертханаларына жолдама береді. Азаматтар тегін пайдаланады, ал ақысын бюджеттен төлейді.
Adata.kz сайтының дерегінше, клиникалық-диагностикалық «Олимп» зертханасының өзі соңғы төрт жылда мемлекеттік сатып алу тетігі арқылы 453,7 млн теңге алған. Бұл сома тек бас компанияның келісімшарттарына қатысты. Ал қалған 22 өңірлік филиалдың әрқайсысы жеке ЖШС ретінде тіркелген, олардың көбі де мемлекеттік емханалар мен басқа да мекемелермен белсенді жұмыс істейді.
Пандемия – пайда
2020 жылы елде пандемия басталды. Бірақ Сүлейменов бұған әбден дайын еді. Таиландқа іссапары кезінде қытайлық әріптестерінен елдегі карантин шаралары жайлы естиді. Жағдай ушыға бастағанын байқаған соң «дайындыққа кіріседі». Зертханалардағы кейбір диагностиканы тоқтатып, оның орнына коронавирусқа сынама жасау қызметін қосады, тиесілі лицензия алады. Ресей мен Қытайдан қосымша реагенттер алдырады.
Бастапқыда ковид жұққан-жұқпағанын анықтау үшін арнайы тест тапсыру керек болды. Оны Ұлттық сынама орталығы жүргізді, бірақ оның шамасы жетпеген соң жекеменшік зертханаларды да шақырды. 2020 жылы Ұлттық орталық күніне 11 мың сынаманы өңдесе, екінші орында тұрған «Олимп» күніне 8-9 мың сынама қабылдайтын. Салыстыру үшін Invitro 600, ал Invivo 500 сынама өңдеді. ПЦР-тест құны он бес мың теңгеден басталды, көпшілігі бағаның тым жоғары екеніне шағымданды. Айта кету керек, кейінірек құны сегіз мыңға дейін түсті.
Осы пцр-тест тапсыратын зертханалар «Олимптің» табысы еселенуіне көмектесті. Оны Сүлейменов те мойындайды.
«Біздің өсім ПТР-тестілеудің арқасында болды. Ол кезде мемлекет азаматтарды коронавирусқа тест тапсыруға міндеттеді, салдарынан зертханаларға жүктеме айтарлықтай артты. Соның нәтижесінде біздің табыс көлеміміз шамамен 60%-ға өсті. Бұған дейін жыл сайынғы өсім 30%-дың төңірегінде болатын. Біз табысты компаниядан сыртқа шығармай, айналымға қайта инвестициялағандықтан, COVID-19 зерттеулерін жүргізуге арналған жаңа зертханалар ашуға 5 млрд теңгеден астам қаржы сала алдық», – дейді Сүлейменов.
Табыс пен салық
Пандемия кезінде Сүлейменов дәулетінің қалай өскенін салық түсімдерінен-ақ байқауға болады.
| Компания атауы | 2017 ж. | 2018 ж. | 2019 ж. | 2020 ж. | 2021 ж. | 2022 ж. (1 қаңтарға дейін) |
|---|---|---|---|---|---|---|
| Meditec ЖШС | 201 094 629,1 | 253 798 691,5 | 375 628 097,0 | 721 487 647,7 | 1 338 656 291,3 | 638 854 591,2 |
| Мырза-Хан ЖШС | 32 757 798,4 | 34 723 943,4 | 41 235 413,3 | 47 702 411,0 | 152 098 353,0 | 65 714 264,2 |
| КДЛ «Олимп» | 32 137 146,0 | 43 541 178,5 | 38 593 412,6 | 42 067 891,1 | 56 303 040,0 | 62 176 143,4 |
«Meditec» компаниясының салық төлемдері 2017 жылдан 2021 жылға дейін шамамен 6,6 есе өскен.
«Мырза-Хан» ЖШС 2021 жылы 152 млн теңгеден астам салық төлеген — бұл 2020 жылмен салыстырғанда үш еседен көп.
«Олимп» зертханасының салық төлемдері де тұрақты өсіп отырған: 2017 жылғы 32 млн теңгеден 2022 жылы 62 млн теңгеге дейін артқан.
Ал 2020 жылы Ерлан Сүлейменов алғаш рет Forbes Kazakhstan-ның ең ықпалды кәсіпкерлер тізіміне енді.
Баға монополиясы және негізсіз тексерулер
Бірақ жақсы күндер де ұзаққа созылмады. 2022 жылы Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі «Олимп» зертханаларында негізсіз баға көтерілген деген байламға келді. Агенттік 2019–2021 жылдар аралығындағы зерттеу нәтижесінде «КДЛ Олимп» зертханасы нарықта үстемдік құрғанын анықтаған. 2021 жылы кейбір анализдердің бағасы 12–35%-ға қымбаттаған.
Сондай-ақ «КДЛ Олимп», «INVIVO» және «Инвитро–Қазақстан» зертханалары бағаны келісіп қойғаны белгілі болған. Бұл жалпы зәр талдауы, ТТГ гормоны және В гепатиті сияқты негізгі анализдерге қатысты. Сүлейменовке тиесілі «Олимп» және «Мырзахан» ЖШС-ға ескерту берілді.
Бірақ компания басшысы бұған келіспей, өздерінің әділ бәсекелестік қағидаттарын ұстанатынын мәлімдеді. КДЛ «Олимп» желісінің негізін қалаушы салық органдары тарапынан жүйелі қысым көрсетіліп жатқанын айтып, Президентке ашық хат жолдады. Оның айтуынша, соттар, соның ішінде Жоғарғы сот та салық қызметінің әрекетін заңсыз деп танығанымен, жоспардан тыс тексерулер тоқтамай келеді. Бұл жағдай компанияның жұмысын тежеп, стратегиялық жобалардың іске асуына кедергі жасап отыр. Сондықтан Сүлейменов мемлекет басшысынан негізсіз тексерістерді тоқтатуды, адал бизнесті қорғауды және билік пен кәсіпкерлер арасындағы диалогты күшейтуді сұрады
Сүлейменовтің тікелей Тоқаевқа үндеу жариялауы бекер болмаса керек. Осы жылы ақпанда президентпен кездесуге жиналған бизнесмендердің бел ортасында «Олимп» иесі де болған. Сол кездесуде де салық саясатын қайта қарау, бизнесті қолдау мәселелерін талқыланған. Дегенмен отандық кәсіпкердің бизнесіне тексерісті қаншалықты азайтқаны әзірге белгісіз.