Алматыда қарызы көп көліктерді айыппұл тұрағына әкетіп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock

Алматы қаласында айыппұлы өтелмеген көлік иелерін анықтап, автомобильдерді айыппұл тұрағына қойып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің сайтында хабарланды.

Polisia.kz мәліметінше, мегаполисте іздестіру бөлімшесінің қызметкерлері әкімшілік айыппұл бойынша ірі қарыздары бар үш автокөліктің иесін анықтады. Жолдағы тексеру барысында Hyundai, Lexus, Toyota автокөліктері тоқтатытылды. Үшеуінің жалпы берешегі 3,7 млн теңгеден асып кеткен. Көлік қарыз толық өтелгенге дейін арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

«Қазіргі заманғы камералар мен талдау жүйелері жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын нақты уақытта анықтап қана қоймай, айыппұлдарын төлемеген автокөліктерді де жедел табуға мүмкіндік береді», – дейді Алматы қаласы ПД өкілі Тимур Ноғайбаев.

Оның айтуынша, мұндай шаралар жазалау емес, «жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға» бағытталған.

Полиция әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлеу әр жүргізушінің заңды міндеті екенін еске салады. Қарыздың бар-жоғын онлайн түрде eGov және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз