Израильдің Газа секторына жасаған соққысынан жүзден аса адам қаза тапты

Израиль әскері 29 қазанда да Газа секторын әуеден соққылауды тоқтатпады. Соның салдарынан Палестинада жүзден астам адам қаза тапты. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Секторда тыныштық тағы бұзылды
Бір күн бұрын секторда палестиналықтар шабуылынан Израильдің бір сарбазы көз жұмған. Атысты доғару туралы келісім барына қарамастан, Тель-Авив екі күннен бері Газаны атқылап жатыр. Соның салдарынан ондаған адам қаза тапты.
Газа денсаулық сақтау министрлігі әуе соққыларынан 104 адам мерт болғанын мәлімдеді. Бес адам сектордың орталығындағы босқындар лагерінде, төрт адам Газа қаласындағы Сабра ауданында, тағы бес адам Хан-Юнистегі автокөлікте жан тапсырған.
Дегенмен АҚШ президенті Дональд Трамп атысты доғары келісім бұзылған жоқ деп есептейді.
«Білуімше, олар израиль сарбазын өлтірген. Сол себепті израильдіктер қарымта соққы жасады. Мұндай жағдайда қарымта шабуыл жасай алады», – деп ақтады Ақ үй басшысы Израиль әрекетін.
ХАМАС ұйымы да, Израиль де атысты доғару келісімін бұзды деп бір-бірін айыптап отыр. Сейсенбі күні кешке Түркия Тель-Авив әрекетін сынап, әлемдік қауымдастық қысым көрсетуі тиіс деп мәлімдеді. Биньямин Нетаньяху билігі айыптауларды жоққа шығарды.
Секторда атысты доғару жөніндегі бейбіт келісім 10 қазанда күшіне енген. Алайда одан кейін де өңірде бірнеше мәрте қақтығыс болып, адамдар қаза тауып жатты.
Газа секторындағы соғыс
Израиль мен Палестина арасындағы соғыс 2023 жылғы 7 қазанда басталған. Сол күні ХАМАС күштері Израильдің оңтүстігіне басып кірген. Артынша Тель-Авив Газа секторында құрлықтағы әскери науқан бастады. Екі жылға созылған қарулы жанжал қазанның басында аяқталды: Израиль мен ХАМАС атысты доғару туралы келісімге отырды.
Израиль мен Газа секторының тұрғындары бейбітшілік орнағанын тойлады.
Израиль армиясының Газа секторына шабуылдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Шамамен 193 мың ғимарат қирады немесе зақымданды. Олардың арасында жүздеген аурухана мен мектеп бар.