Қызылордада жарық сөнбейді: түріктер станция құрылысын аяқтап қалды

AKSA ENERGY түрік компаниясы Қызылорда қаласында салынып жатқан бу-газ электр станциясының құрылысын аяқтап қалды. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жаңа нысанмен танысты.
Қондырғы қуаты – 240 МВт. Ол Қызылорда өңірінде электр тапшылығын жабуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, қаланы жылумен қамтамасыз етеді.
Жаңа буын құрылысына жататын станция түрік компаниясының жеке инвестициясымен салынып жатыр.
Вице-министр облыс әкімдігімен, инвесторлармен нысанды пайдалануға беру, энергия өндіру мәселелерін талқылады. Ол өңір басшыларына жылыту маусымын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Ресми мәліметке қарағанда, жаңа қондырғы экология талаптарына сай – қоршаған ортаға әсері аз.
Министрлік Астана мен Шымкент қалаларында бу-газ қондырғыларын салу жөнінде аукцион өткізуді жоспарлап отыр.