
Маңғыстау облысындағы «МунайСпецСнаб Компани» басшылығы Жаңаөзен қаласындағы жұмысшылар ереуілін «заңға қайшы» деп есептейді. Серіктестік директоры Ерлан Сәбиев Kursiv.Media сауалдарына осылай деп жауап берді.
Жұмыс берушінің жауабы
Бір күн бұрын, 28 қазанда компаниядағы ондаған адам жұмыс тоқтатып, ереуілге шыққан. Бұған қоса, олар президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен өңір басшыларына үндеу жолдаған. Жұмысшылар айлықты көтеруді, сыйақы төлеуді, сонымен бірге еңбек құқығының қорғалуын талап еткен.
Сәбиевтің айтуынша, «серіктестік жұмыскерлеріне қатысты тоқсан сайын сыйлық ақы төлеу мәселесі тапсырыс берушімен арада жасалған шартта көзделмеген». Оның компаниясы «ӨзенМұнайСервис» тапсырысын орындаумен айналысады.
«Серіктестік, қолданыстағы еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес, өз жұмысшыларына жалақы және әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеп жүр», – дейді ереуіл жүріп жатқан компанияның басшысы.
Сонымен бірге топ-менеджер жұмысшылар үндеуінде айтылған «еңбек құқықтарының бұзылуы», «әлеуметтік әділетсіздік» болған жоқ деп отыр.
«Сондықтан жұмысшылардың 28 қазанда түнгі ауысымға жұмысқа шықпай, жұмысты тоқтатулары негізсіз және заң талаптарына қайшы«, – деп есептейді компания.
eGov мәліметіне қарағанда, «МұнайСпецСнаб Компани» 2008 жылғы ақпанда Жаңаөзен қаласында тіркелген, 2021 жылғы маусым айында қайта тіркеуден өткен. Оның жалғыз құрылтайшысы – Нысангүл Абдуллаева, ал компания жетекшісі – Ерлан Сәбиев.
Өңірдегі ереуілдер
Мұнайлы Маңғыстау облысында жұмысшылар ереуілі жиі болып тұрады. Бір ғана 2025 жылы өңірде бірнеше еңбек дауы болды. Мәселен, ақпан айында Қаратұрын мұнай-газ кенішінде «Атырауқұрылыс-Сервис LTD» жұмысшыларының айлықты 50%-ға көтеруді талап етті. Ақпанда Маңғыстауда «Каскор-Машзавод» кәсіпорынының ондаған жұмысшысы ереуілге шыққан.
Бұған қоса, биыл наурыздың басында Қаламқас кен орнында сервистік қызмет көрсететін компанияның 150-ге тарта жұмысшысы бір апта бойы ереуілдеткен. Ал шілде айында Ақтау қаласында қоғамдық көлік жүргізушілер ереуілге шыққан.