
Алматыда таулы аймақта көпқабатты тұрғын үй салуға уақытша тыйым салынды. Қалалық мәслихат депутаттары осындай шешім қабылдады. Енді бұл аумақтарда әлеуметтік және туристік нысандарды салуға ғана рұқсат беріледі.
Алматы қаласының сәулет, қала құрылысы басқармасының басшысы Алмас Жанбыршының айтуынша, 2019 жылы Қарасай және Талғар аудандарының бір бөлігі қала аумағына қосылғаннан кейін Алматыда 29 жаңа ықшамаудан пайда болған. Олардың қатарында Ерменсай, Ремизовка және Қарағайлы бар.
Бүгінде бұл аумақтарда 170 мыңнан астам адам тұрады. Алайда бұл аймақтар инженерлік және көлік инфрақұрылымынсыз дамыған, соның салдарынан жолдар мен коммуналдық желілерде жүктеме артқан.
Жанбыршының сөзінше, тексеру нәтижесінде заңсыз құрылыс, таудың жоталарын кесу және дренаж жүйелерінің жоқтығы анықталған. Мұның бәрі көшкін мен су басу қаупін күшейтіп отыр.
«Мораторий көпқабатты тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендерін салуға тыйым салуды көздейді. Бұл ретте, бас жоспармен көзделген әлеуметтік және туристік инфрақұрылым нысандарын салуға рұқсат беріледі. Ал қолданыстағы нысандарға қайта жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген параметрлер шегінде жүргізіледі», – деп түсіндірді ол.
Қала бас жоспарын 2026 жылғы мамырға дейін жаңартып, бекіту жоспарланған. Ал егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзетулер 2026 жылдың соңына дейін енгізіледі.
Депутаттар әлеуметтік және туристік нысандар қатарына нақты не жататынына қызығушылық танытты. Алмас Жанбыршының айтуынша, бұл – мектеп, аурухана, балабақша, қонақ үйлер мен рекреациялық аймақтар. Сонымен бірге, биіктікке шектеу сақталады, әрі кетсе үш қабаттан немесе 12 метрден аспауы тиіс.
Еске салайық осыған дейін дәл осы мәселені сенатор Андрей Лукин көтерген болатын. Ол Алматының тау бөктеріндегі аудандардағы жүйесіз құрылыс қала тұрғындарының денсаулығы мен аймақтың табиғи ландшафтына қауіп төндіріп отырғанын айтқан.