Қазақстанда картоп тапшылығы болмайды – вице-министр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда 1 млн тоннаға артық картоп жиналды / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда 3 млн тонна картоп жиналды. Бұл көлем ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да жетеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

Вице-министр елде картоп тапшылығы болмайды деп сендірді. Сұлтановтың сөзінше, медициналық нормалар бойынша халықты толық қамтамасыз ету үшін 2 млн тонна картоп қажет. Ал Қазақстанда одан 1 млн тоннаға артық өнім жиналған.

«Білесіздер, былтыр біздің картопқа жоғары сұраныс болғаны бағаға әсер етті. Сондықтан биыл ұйымдасқан шаруашылықтар өткен жылмен салыстырғанда көбірек көлемде егіс жұмыстарын жүргізді», – деді ол.

Импорттан да бас тартпаймыз…

Азат Сұлтановтың айтуынша, өнім көлемі мол болғанымен, импорттан толықтай бас тарту мүмкін емес. Әсіресе көктемде, отандық өнім таусылғанда немесе бұзыла бастағанда шетелден әкелуге тура келеді.

«Егер өндірушінің картопты 9 айға дейін сақтайтын қоймасы болмаса, ол өнім дұрыс жағдайда сақталмай, жарамсыз болып қалады», — деп түсіндірді вице-министр.

Қазіргі таңда заманауи тоңазытқыш жабдықтармен жабдықталған жаңа көкөніс қоймалары салынып жатыр. Министрлік бұл шаралар картопты келесі маусымға дейін сақтауға мүмкіндік береді деп сенеді.

Еске салайық, елде картоп, жеміс-көкөніс дақылдары, тері мен жүнді терең өңдеуге қатысты жобалар мен сүт-тауарлы фермалар, жылыжай кешендері мен қоймалар салу көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз