Денсаулық сақтау министрлігінде суицидке қатысты әлі күнге дейін хаттама жоқ

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда депрессияны анықтау кенжелеп келеді / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда суицидке бейім жағдайлар кезінде көмек көрсету бойынша медициналық хаттама әлі күнге дейін әзірленбеген. Ал мұндай тәжірибе көптеген елдерде бар. Бұл туралы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің жалпы дәрігерлік практика кафедрасының меңгерушісі Ләззат Жамалиева мәлімдеді.

Депрессияға қатысты статистика шынайы көрсетілмейді, ал суицидке қатысты хаттама жоқ

Ләззат Жамалиеваның айтуынша, Қазақстанда депрессияны анықтау кенжелеп келеді, яғни, дәрігерлер ауруды ерте кезеңінде танымауы мүмкін.

«Депрессияның гиподиагностикасы бар. Бұл Қазақстандағы проблема. Бірақ бұл тек біздің елге ғана тән емес. Бұл ұйымдастырушылық мәселе, оны жүйелі түрде шешу қажет», – деді сарапшы.

Бұған бірнеше себеп бар. Пациент тарапынан бұл стигма мен өзінің жағдайын мойындаудан қорқу. Ал медициналық жүйе жағынан алсақ, жалпы практика дәрігерлері, терапевттер мен педиатрлардың біліктілігінің жеткіліксіздігі және диагноз қоюға арналған техникалық мүмкіндіктің жоқтығы.

«Ресми түрде психиатр емес дәрігерлерге «депрессия» диагнозын кодтауға рұқсат етілмеген. Сол себепті олар оған жақын басқа диагноздарды көрсетуге мәжбүр. Суицид пен депрессия – әлі де жабық, тыйым салынған тақырыптар. Біз мектептерде зерттеу жүргізгенде, көптеген директорлар: «Бұл жайлы айтпаңыздар, бізде ондай жоқ», – деп жауап берді», – дейді Жамалиева.

Маманның айтуынша, шетелде суицидтің алдын алу және ондай жағдайларға әрекет ету бойынша нақты медициналық хаттамалар бар. Әсіресе, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін дәрігерлерге арналған нұсқаулықтар кеңінен қолданылады.

«Бізде мұндай хаттама әзірге жоқ. Бұл – немқұрайлылықтан емес, көбіне кадр тапшылығына байланысты. Депрессия бойынша белгілі бір хаттамалар бар, бірақ қазіргі талаптарға сай олар үнемі жаңартылып отыруы керек. Ал суицид бойынша ресми құжаттың болмауы – бұл біздің жүйе үшін үлкен сын. Мүмкін, дәл осы бағытта алғашқы қадам жасайтын да өзіміз болармыз», – деді Ләззат Жамалиева.

Суицид статистикасы

2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Қазақстанда 1 300 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Ең жиі кездесетін себептер:

  • Материалдық қиындықтар – 134 адам,
  • Жалғыздық пен қоғамнан оқшаулану сезімі – 104 адам,
  • Отбасылық қатынастың бұзылуы – 45 адам.

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек аралығында 432 бала мен жасөспірім суицидке барған.
Оның ішінде 139 жағдай өліммен аяқталған, 293 әрекеттің алдын алу мүмкін болған немесе іске аспаған.

ІІМ жүргізген талдау нәтижесі бойынша, балалар арасындағы суицидтің басты себебі – отбасындағы жанжалдар. Таңқаларлығы, суицидке барғандардың көпшілігі толық отбасында тәрбиеленіп жатқан, ортадан жоғары табысы бар балалар (62%). Бұдан өзге себептерге жауапсыз махаббат, ата-ананың білімге кедергі келтіреді деп телефон қолдануға қатаң тыйым салуы, тұрмыстық және эмоциялық кикілжіңдердің жиналуы жатады. Осының барлығы уақыт өте келе қайғылы шешімдерге әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз