Дүниежүзілік банк: 2026 жылы мұнай бағасы қатты арзандауы мүмкін

Дүниежүзілік банктің Commodity Markets Outlook атты жаңа есебіне сәйкес, әлемдік шикізат бағасы 2026 жылы қатты арзандауы мүмкін. Бұл қатарынан төртінші жыл жалғасып жатқан құлдырау болмақ.
2025 және 2026 жылдары баға орта есеппен 7%-ға төмендейді деп болжанып отыр. Бұған әлемдік экономиканың баяулауы, мұнай қорының көбейіп кетуі және саясаттағы белгісіздік әсер еткен.
Энергия бағасының арзандауы әлемдегі инфляцияны азайтып жатыр. Ал күріш пен бидайдың арзандауы кейбір дамушы елдерде азық-түлік қолжетімді бола түсуіне көмектескен. Дегенмен, бағалар әлі де пандемияға дейінгі деңгейден жоғары. 2025 жылы олар 2019 жылмен салыстырғанда 23%-ға, ал 2026 жылы 14%-ға жоғары болады деп күтіледі.
«Шикізат нарығы әлемдік экономиканы тұрақтандыруға көмектесіп отыр», – дейді Дүниежүзілік банктің бас экономисі Индэрмит Гилл. – «Энергия бағасының төмендеуі инфляцияны баяулатты. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Үкіметтер осы кезеңді пайдаланып, қаржысын реттеп, бизнесті дамытуға және инвестиция тартуға күш салуы керек», – делінген шолуда.
Мұнай нарығында артық ұсыныс айтарлықтай өскен. 2026 жылы ол 2020 жылғы ең жоғары деңгейден 65%-ға көп болуы мүмкін. Электр және гибридті көліктердің көбеюі және Қытайда мұнай тұтынудың азаюы сұраныстың төмендеуіне әсер еткен. Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2025 жылы барреліне $68 болса, 2026 жылы $60-қа дейін түсуі мүмкін. Бұл соңғы бес жылдағы ең төмен баға болмақ. Энергия бағасы жалпы алғанда 2025 жылы 12%-ға, 2026 жылы тағы 10%-ға арзандайды деп болжануда.
Қымбат металдар бағасы керісінше өсіп жатыр. 2025 жылы алтынның бағасы 42%-ға көтеріліп, 2026 жылы тағы 5%-ға өсуі мүмкін. Осылайша, оның бағасы 2015–2019 жылдардағы орташа деңгейден екі есе жоғары болмақ. Күміс те 2025 жылы 34%-ға, 2026 жылы 8%-ға қымбаттайды.
Мамандардың айтуынша, егер әлемдік экономика баяу өссе және саудадағы шиеленіс жалғаса берсе, шикізат бағасы күткеннен де қатты төмендеуі мүмкін. Ал егер ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін көбейтсе, бұл да бағаны да түсіреді. Сонымен қатар, электр көліктерінің таралуы мұнайға деген сұранысты азайта береді.
Бірақ керісінше жағдай да болуы мүмкін. Мысалы, геосаяси шиеленістер мен санкциялар мұнай бағасын өсіріп, алтын мен күміске сұранысты арттыруы ықтимал. Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығы ауыл шаруашылығына және энергия тұтынуға әсер етуі мүмкін. Ал жасанды интеллект технологияларының дамуы энергия мен алюминий, мыс сияқты металдарға сұранысты арттыруы ықтимал.
«Мұнай бағасының төмендеуі дамушы елдерге реформалар жүргізуге жақсы мүмкіндік береді», – дейді Дүниежүзілік банктің бас экономисінің орынбасары Айхан Көсе. – «Жанармай субсидияларын азайту арқылы үкіметтер инфрақұрылым мен білімге көбірек қаржы бөле алады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы нығайтуға көмектеседі».
Есепте халықаралық тауар келісімдерінің тарихы да қарастырылған. Бұрынғы көптеген келісімдер бағаны қысқа уақытқа тұрақтандырғанымен, ұзақ мерзімді нәтиже бермеген. Тіпті ОПЕК ұйымының өзі де баға жоғары болған кезде нарықтағы ықпалын сақтау қиынға соғып отыр.
Дүниежүзілік банк елдерге бағаны жасанды ұстап тұрудың орнына өндірісті әртараптандыруды, технологияға инвестиция салуды және нарықтық баға белгілеуді қолдауды ұсынады. Бұл тәсіл ұзақ мерзімді тұрақтылық пен экономикалық төзімділікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
Бұған дейін Америка банкі мұнай бағасы 55 долларға дейін арзандауы мүмкін деген болжам жасаған.