Енді шетелдік онлайн-дүкендер салық төлемесе бұғатталады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Шетелдік онлайн-дүкендер салық төлемесе бұғатталады / Фото: Shuttertsock

Қазақстан салық міндеттемелерін орындамаған шетелдік онлайн-дүкендерге қатысты жаңа шара енгізуді жоспарлап отыр. Тиісті өзгерістер күшіне енсе, мұндай платформалардың сайттары ел аумағында бұғатталуы мүмкін.

Мемлекеттік кірістер комитетінің (МҚК) түсіндіруінше, бұл шешімнің себебі – шетелдік компаниялардың Қазақстанда банк шотының болмауы. Сол себепті оларға ақшалай айыппұл салу мүмкін емес, ал интернет арқылы шектеу қою – қолда бар тетіктердің бірі.

«Бұл интернет алаңдары арқылы тауар не қызмет ұсынатын шетелдік компанияларға қатысты. Қазақстандықтар үшін бұл өзгеріс әсер етпейді. Егер компаниялар тіркеліп, 16 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме бойынша салық төлеп отырса, қызметін жалғастыра алады. Ал төлемей немесе тіркелмей жатса, интернет ресурстарына шектеу қойылады», – дейді комитет өкілі Еділ Әзімшайық.

Қазір маркетплейстер ай сайын салық төлеуге міндетті. 2026 жылдан бастап олардың қосымша құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін көтеріледі. МҚК өкілдерінің айтуынша, жаңа талаптар қазақстандық тұтынушыларға емес, тек ел аумағында қызмет көрсететін шетелдік онлайн-платформаларға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың 9 айында республикалық бюджетке салық 467,5 млрд теңгеге кем түскенін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз