
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) қойылатын талаптарды қатаңдатады. Енді мұндай ұйымдардың 90 күннен артық өтелмей тұрған несиелерінің үлесі аз болуы керек.
Биыл 3 қарашадан бастап мерзімі өткен қарыздардың үлесі МҚҰ-ның жалпы несие портфелінің 15%-ынан аспауға тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 20%-ға тең. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шектеу 10%-ға дейін төмендейді.
Мақсат – халықтың шамадан тыс қарызға батуын азайту және нарықтағы тәуекелдерді төмендету.
Ұлттық банктің деректеріне қарағанда, биылғы бірінші жартыжылдықтың соңында микроқаржы ұйымдарындағы 90 күннен астам уақыт өтелмеген қарыз көлемі 119,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл бір жыл бұрынғыдан 9%-ға көп және жалпы портфельдің шамамен 6,8%-ын құрайды.
Қазіргі таңда ҚНРДА белгілеген жаңа талаптарға елдегі тек бес микроқаржы ұйымы: Toyota Financial Services, MyCar Finance, OnlineKazFinance, Shinhan Finance және TAS Finance Group сай келеді.
Тамыз айында микроқаржы ұйымдарының несие портфелі бірден 16,6%-ға, яғни 298,2 млрд теңгеге азайып, 1,5 трлн теңгеге түсті. Бұл – соңғы 16 ай бойғы үздіксіз өсімнен кейінгі алғашқы төмен көрсеткіш.
Ranking.kz мәліметінше, статистикаға елеулі әсер еткен фактор – KMF микроқаржы ұйымының банкке айналуы. Маусым айында KMF-тің несие портфелі 306,2 млрд теңге болған.
Жалпы, биылғы қаңтардан бері сектордағы несие көлемі 3%-ға азайғанымен, жылдық есеппен әлі де 7,5%-ға өсім көрсетіп отыр.