Қанат Шарлапаев «Бәйтерек» холдингі директорлар кеңесінің құрамынан шықты

Президенттің бұрынғы көмекшісі Қанат Шарлапаев «Бәйтерек» холдингі директорлар кеңесінің құрамынан шықты. Қазақстан қор биржасына жолданған мәліметке сай, оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамында директорлар кеңесінің мүшесі Қанат Бисімбайұлы Шарлапаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылсын», – делінген хабарламада.
Мұндай шешімді холдингтің жалғыз акционері қабылдаған.
Шарлапаев «Бәйтерек» холдингі директорлар кеңесінің құрамына биыл сәуірде енген еді. Ол 2022 жылы «Бәйтеректі» басқарған. Сол жылдың соңында Қазақстан Республикасының азаматы атанды. Бұған дейін ол Ресей және Ұлыбритания азаматтығына ие болған.
Шарлапаевтан бөлек, холдингтің директорлар кеңесінде 9 адам бар. Олар: Премьер-министр Олжас Бектенов, вице-премьер Роман Скляр, вице-премьер және Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы министрі Мәди Такиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нақаспаев, холдингтің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин.
Сонымен қатар холдинг кеңесінің құрамына Дэниел А. Витт, Мэри-Элен Берар, Манфред Грундке енген.